Қазақстанның бірінші лоукостері FlyArystan компаниясы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының арасындағы тұрақты байланысты 1 мамырда ашады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қос қала арасындағы күнделікті әуе қатынасын сыйымдылығы 180 орындық, заманауи реактивті Airbus A320 ұшақтары қамтамасыз етеді. Бір жаққа билет құны, әуежай алымдарымен қоса есептегенде 6999 теңгеден басталады. 2 сәуірден бастап жолаушылар билетті www.flyarystan.com сайтында брондаумен қатар, борттық тағамға тапсырыс беру, жолжүкті сатып алу, приоритетті отырғызу сынды қызмет түрлерін қосымша ала алады.
«Аталмыш бағдар, отандастарымыз асыға күткен рейстердің бірі болатыны сөзсіз. Бұдан былай 2 сағаттан кем уақыт ішінде, небәрі 6999 теңгеге діттеген жеріне кәсіпкерлермен қатар, қарапайым студенттер де ата-аналарына, туған-туысқандарына тез, әрі жеңіл жете алатыны бізді аса қуантады. Cонымен қатар, кең-байтақ Қазақстанның солтүстік пен оңтүстік өңірлерін рахаттанып тамашалап, жергілікті туризмнің дамуына ықпалын тигізеді деп кәміл сенеміз», - дейді FlyArystan-ның сату және маркетинг бөлімінің директоры Жанар Жайлауова.
FlyArystan барша жолаушыларға flyarystan.com ресми сайтта жарияланған тариф ережелерімен мұқият танысуға кеңес береді.