|
25.02.2020 | 15:44
1476

Жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне не кедергі

Отандық өндірушілер кейбір шикізатты Қазақстаннан алса, көпшілігін шет мемлекеттен тасымалдайды

Жеңіл өнеркәсіптің өркендеуіне не кедергі baq.kz

Шикізат пен тәжірибелі маман тапшылығы тауарды нарыққа шығарудағы басты кедергілердің бірі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуын тежеп отырған себеп те осы дейді сарапшылар. Оған көз жеткізу үшін  Парламент Сенатының депуттаттары Алматыға арнайы келіп, бірқатар кәсіпорынды аралады.

Сенаторлардың бұл жұмыс сапары "Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: жоғары өнімді бизнестің қазіргі жай-күйі және даму келешегі" тақырыбы бойынша парламенттік тыңдауға дайындық аясында өтті. Жеңіл өнеркәсіппен айналысатындардың басты проблемасы  шикізат. Өкінішке қарай, отандық өндірушілер кейбір шикізатты Қазақстаннан алса, көпшілігін шет мемлекеттен тасымалдайды.

«Шикізатпен проблема бары анық. Біз Шымкент қаласындағы  мақта өңдейтін фабрикада болдық. Алайда бір ғана фабрикамен отандық тауар өндірушілерді қамти алмаймыз. Мәселен, бір күртешені тігу үшін бірнеше материал қажет. Сондықтан бұл жерде тауар өндіруші мен шикізат өндіруші тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет деп есептейміз», – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы  Серік ЖАҚСЫБЕКОВ

Мәселен, жоғары шендегі офицерлер киетін бас киімге 6 түрлі материал жұмсалады, оның жартысын шет елдік компаниядан сатып алады екенбіз.

Сенат депутаты Серік Жақсыбеков жеңіл өнеркәсіпті дамыту Қазақстандағы басым бағыттардың бірі әрі халықты жұмыспен көбірек қамтуда әлеуметтік мәні зор екенін атап өтті. Делегат бірнеше тігін цехтарын аралағаннан кейін тері өңдейтін зауытқа да бас сұқты. Зауыт басшысының сөзінше, барлық стандарттарға сай тері дайындағанымен отандық тауар өндірушілер әлі де болса шикізатты шет елден әкеледі дейді.

«Қазақстандық кәсіпкерлер өз елінде өндірілген тауарды да, шикізатты да қолдаса екен дейміз. Егер өзіміздің елімізде шикізаттың кейбір түрі шығарылса, неге шет елден тасымалдаймыз. Кәсіпкерлер осыны түсініп, етене жұмыс істесе екен», – дейді Алматы тері зауыты бас директорының орынбасары Сейдулла ГУСЕЙНОВ.      

Бірнеше кәсіпорынды аралап болған соң сенаторлар алматылық кәсіпкерлермен шағын дөңгелек үстел өткізді. Айтылған ұсныстар мен өтініштерді өздеріне түртіп алып, арнайы құжатты 4 наурызда өтетін парламенттік тыңдалымға дайындамақ.

Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир