Елімізде жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімі келесі жылға қалдырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маңызды құжат жобасынан тиімсіз салық жеңілдіктерінің бір бөлігі алынып тасталады, сондай-ақ барлық берілген жеңілдіктер салық есептілігінде көрсетіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі хабарлады. Нұрлан Байбазаровтың ақпарынша, жаңа кодекске енгізілетін тағы бір өзгеріс – корпоративтік табыс салығының мөлшерін төмендету.
– Жобада тиімсіз салықтық жеңілдіктердің бір бөлігі алынды. Барлық берілген жеңілдіктерді салықтық есептілікте көрсетіледі. Қайта бөлінудің жоғары деңгейіндегі өнімдері экспорттаушылар үшін корпоративтік табыс салығының 10 пайыз төмендетілген мөлшерлемесі ұсынылды. Биыл автомобиль өткізу пункттері бойынша 5, ал қалған 4 пункт келесі жылы пайдалануға берілмек, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Премьер-министр Олжас Бектенов «Президенттің Жолдауын сапалы іске асыру – біздің басты міндет» деп атап өтті. Экономиканың құрылымын өзгерту арқылы көптеген салаларға серпін береміз деген Үкімет басшысы жоспарын айтты.
– Біз жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға басымдық береміз. Бұл саланың әлеуеті үлкен. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер барынша көңіл бөлуі тиіс проблемаларды нақты белгілеп берді. Барлық мемлекеттік органдар Президент айтқан тапсырмаларды жан-жақты пысықтап, қойылған міндеттерді шешудің нақты жолын айқындауы қажет, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Жолдау-2024: ЖОО міндеті - кибер қауіпсіздік саласында маман дайындау