2022 жылғы шілдеде инфляция жылдық есептеуде – 15%, бір айда 1,1% болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы шілдеде азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы шілдемен салыстырғанда 19,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарларға 14,2%-ға, ақылы қызметтерге 9,2%-ға өскен.
Азық-түлік нарығында бағаның айтарлықтай қымбаттауы жылдық мәнде құмшекерге – 87,3%, пиязға – 71,7%, ұнға 36,6% өсті. Ал сәбіз бағасы – 29,6%, қызылша 25,2% төмендеді.
Сондай-ақ, 2022 жылғы шілдеде (2021 жылғы шілдемен салыстырғанда) азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 14,2% өсті. Атап айтсақ жеке қолданылатын тауарлар – 26,3%, жуу және тазалау заттары – 23,5%, тұрмыс құралдары – 22,6%, құрылыс материалдары – 20,5%, жиһаз және үйге қажетті заттар – 19,1%, автомобильдер– 15,2%, ыдыс – 14,8%, тоқыма бұйымдары – 11,5%, фармацевтикалық өнімдер 9,7% қымбаттады.
Бір жылда ақылы қызметтер бағасы 9,2% өскен. Баға деңгейі кешенді демалу ұйымдарына – 19,1%, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 16,8%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 15%, санаторий қызметтеріне – 14,1%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 13%, қонақ үй қызметтеріне 5,9% өсті. Жолаушылар көлігі қызметтері 5,5% қымбаттады.
Бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлының айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтердің қымбаттауы да, төмендеуі де орын алған.
«Былтырғы шілдемен салыстырғанда өткен шілдеде электр қуаты – 2,4%, қоқыс шығару, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ тарифі 1,8% жоғарылады, ал орталықтан жылу беру қызметіне тариф 2,3%-ға, ыстық суға 1,3%-ға, суды бұру үшін 0,5%-ға төмендеген», – деді Қуанышбек Жақыпбекұлы.Естеріңізге сала кетейік, бюро ай сайын инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткішін есептейді. Жалпы алғанда 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен баға өзгерісі бақыланады. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі.
2022 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер – 29,1% болды