Қазақстанда автокөліктерге VIP-нөмірлер тізімін кеңейту ұсынылды. Ол жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мәжіліс депутаттары алдында мемлекеттік қызметтерді жақсарту бойынша берген есебінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, бұл тұрғыда Ішкі істер министрлігімен бірлесе сұранысы жоғары нөмірлерді арттыру бойынша жұмыстар пысықталған.
«Осы реттегі қадамдарды заңнамалық түрде бекіту керек болды. Сондықтан депутаттар тарапынан бізге тиісті қолдау керек, өйткені түрлі нөмір белгілері елімізде сұранысқа ие болып тұр. Мысалы, 777 сияқты бюджетке қаржы аударып, сатып алуға болатын нөмір белгілері бар. Алайда реттеу іс-шараларымен қамтылмаған нөмір белгілері де бар, оларды да сатып алу үшін заңнамалық тұрғыда бекіткіміз келеді», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Сонымен қатар, Бағдат Мусин «Сбербанкпен» арадағы меморандумға қатысты түсінік берді.
Естеріңізге салайық, цифрлық платформаны құруға байланысты Ресейдің «Сбербанкі» арасындағы қойылған меморандум жұртшылық ішінде резонанс туғызған еді.
«Біз тек меморандумға қол қойдық. Ол ешқандай келісімшарт емес. Техникалық негіздеме мен техникалық құжаттама даярлау үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 15 желтоқсанға дейін зерттеу аяқталғаннан кейін, техникалық құжаттамаға көшеміз. Алдағы жылғы 15 ақпанға дейін техникалық құжаттаманы дайындаймыз. Соның негізінде техникалық әрі экономикалық негіздеме әзірленеді. Осы рәсімдер жасалмай, ешқандай келісімшарт бекітілмейді», – деді Бағдат Мусин.