Кедендегі кедергілер: алматылық кәсіпкерлердің тауар жеткізуі қиындап кеткен

26.02.2019 21:27

Бизнес өкілдерінің айтуынша, өткізу пункттері Тәуекелдерді басқару жүйесін сылтау етіп, тауар бағасын заңсыз көтереді екен

Алматылық кәсіпкерлер мен импорттаушылар кедендегі кедергілерге байланысты тауарларын Қазақстанға айлап-апталап әкеле алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бизнес өкілдерінің айтуынша, өткізу пункттері Тәуекелдерді басқару жүйесін сылтау етіп, тауар бағасын заңсыз көтереді екен. Ал бұл бағдарлама заңсыз жөнелту фактілері мен төмендетілген бағаны анықтауға арналған. Бірақ ол сатып алу – маусымдық жеңілдіктермен немесе жеткізуші мен дистрибьютор арасындағы келісімдердің арқасында жүзеге асқанын ескермейді. Ал жүйе есептеген жаңа бағамен төленетін баж салығының мөлшері де көбейеді. Яғни, импорттаушылар екі күннің бірінде өз тауарларының кеден бағасына сәйкес екенін дәлелдеумен әлекпіз дейді.  

«Яғни, кәсіпкерлер Қазақстандағы кедендік рәсімдеу кезінде барлық құжаттары кедендік құнын растағанына қарамастан, депозитке ақша салып, 60-90 күн аралығында тауардың  өз құнын дәлелдеуі тиіс. Демек, тауарды сақтауға, еңбек ресурстарына, қоймадағы тауардың сапасына, айналым мерзімін қысқартуға және кедендік ресімдеуді кешіктіруге байланысты болған барлық шығындар тауардың өзіндік құнына қосылады. Айналып келгенде, бұл кедергілердің кесірі тауарды сатып алатын тұтынушыға тиеді», – деді Қазақстандық сауда компаниялары және электр тұрмыстық, компьютер техникасы және күрделі техникалық жүйелер қауымдастығының төрағасы Сергей АРХИПКИН.

Айта кетсек, Тәуекелдерді басқару жүйесі өткен жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істей бастады. Бағдарлама авторлары барлық кемшіліктер жойылады деп сендіріп отыр. Айтуларынша, жүйені жаңартуды бастап та кеткен.