|
20.07.2020 | 16:57
1076

Билік осы айда 1 млн-нан астам қазақстандыққа 5 500 теңгеден береді

Қазақстандықтар ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап айдың соңына дейін банк карталарына төлем ала бастайды

Билік осы айда 1 млн-нан астам қазақстандыққа 5 500 теңгеден береді Фото: ашық дереккөзден

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылдың шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстандықтар ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап айдың соңына дейін банк карталарына төлем ала бастайды.

Бұйрық күшіне енген кезде 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар алушылар болады. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі.

5 әлеуметтік топқа:

– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;

– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;

– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.

Бұған дейін хабарланғандай, коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк карталарына аударылған төлемге ауыстырылды.

Ағымдағы жылдың наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелген.

Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.

Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды. Табыссыз қалған қазақстандықтарды қолдау үшін жәрдемақылар, біржолғы төлемдер төленді, оның ішінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир