Brent маркалы қара алтын құны соңғы 6 айда барреліне 70 доллардан асты. Және бұдан әрі де қымбаттай беруі әбден мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Иран генералы Касем Сүлейманидың қазасынан кейін Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен тұста әлемде мұнай бағасы 4%-ға бірақ көтерілді. Ал «Рейтерс» агенттігі АҚШ-тағы мұнай қоры күрт азайғанын жазды. Десе де, әлем нарығында болып жатқан мұндай өзгерістер Қазақстан экономикасы үшін, жалпы мұнайлы елдердің экономикасы үшін керісінше қолайлы болмақ дейді сарапшылар. Жалпы еліміздің экономикасына бұл жағдайдың қалай әсер ететіндігі жөнінде экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.
«Қазіргі таңда мұнай нарығында үлкен өзгерістер орын алып отыр. Мұнай бағасы бірден өсті. Голдмансаш агенттігі және Блумбергтің мәліметтерінде талдау жасалынып, мұнай бағасы алдағы уақытта бұл текетірес ушығатын болса, өсетіндігін болжап отыр. Бұл жағдай әлемдегі инвесторларды да өте қатты алаңдатып отыр. АҚШ-тағы, Еуропадағы, Азиядағы қор нарықтарында үлкен тұрақсыздық орын алып отыр. Тек Мәскеудегі қор биржасының өзінде негізгі индикаторлардың өсімі байқалады. Себебі Ресейдің бұл мұнаймен байланысты экономика екенін көріп отырмыз. Бұл соған дәлел. Бұл Қазақстан экономикасы үшін ғана емес, мұнайлы елдердің экономикасы үшін қолайлы, себебі мұнай бағасының өсуі сол елдердің экономикасын тек пайда алып келетін болады. Жалпы мұнай нарығындағы тұрақтылық алдағы уақытта да болжанған болатын. Және де Үндістан нарығы мен Қытай нарығындағы осы энергетикалық ресурстарға деген сұраныстың артуы осы мұнайдың бағасының тұрақты болатынын алдын ала айтқан еді. Ал енді АҚШ пен Иранның арасындағы жағдайдың күрделі ушығып отырғандығы мұнай бағасының қымбаттауына өз септігін тигізіп отыр. Бірақ қымбаттауы Қазақстан экономикасы үшін қолайлы болады», – деді экономист Мақсат ХАЛЫҚ.