Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасындағы шектеулерді алып тастауда. Ресей тарапы Қазақстаннан тауық жұмыртқасын жеткізуді көлемін арттыру туралы өтініш жасады, деп хабарлайды Аlmaty тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған мәселені қысқа мерзімде қарауды және қазақстандық өнімді РФ шекаралас аймақтарына жеткізуді арттыру мүмкідігін іздеуді тапсырды.
Қазақстан мен Ресей Премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук екіжақты сауданың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы 17 қаңтарда ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерінде шешім қабылдауда икемділік қажет екенін атап өтті.
Қазақстанда отандық құс фабрикаларының жұмыртқамен қамтамасыз ету деңгейі 2022 жылы халық қажеттілігінің 102% құрады. 2023 жылдың 11 айында Қазақстан Ресейге, Ауғанстанға және Қырғызстанға шамамен 186,6 млн дана тауық жұмыртқасын экспорттағанын айта кеткен жөн.
2023 жылғы 26 қаңтарға жоспарланған ЕЭК Кеңесінің отырысы қарсаңында тараптар Ресей-Беларусь шекарасындағы қазақстандық жүк көліктерінің кешігу жағдайын реттеу үшін Мәскеуде кеңейтілген құрамда тағы бір екіжақты кездесу өткізуге келісті.
Белгілі болғандай, 2023 жылдың 12 желтоқсанында Ресей мен Беларусь азаматтары болып табылмайтын азаматтар үшін "Рудня" өткізу бекетіндегі өткел толығымен жабылды, ал 2024 жылдың 8 қаңтарында осы аталған шектеу қалған екі "Қызыл" және "Қызыл тас" өткізу бекеттеріне де таралды.
Бүгінгі таңда Ресей тарапының көмегімен Ресей-Беларусь шекарасындағы жағдай басқа өткізу пункті арқылы жүк ағындарын қайта бағыттауға мүмкіндік берді. Көліктердің негізгі бөлігі шекарадан өтіп үлгерді. Навигациялық пломбаларды электронды түрде рәсімдеуді қажет ететін жүктермен қиындықтар туындады.
Тараптар жағдайды тезірек шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға келісті. Келіссөздер ЕЭК Кеңесінің отырысы қарсаңында Мәскеудегі екіжақты кездесу шеңберінде жалғасатын болады.
Оқи отырыңыз: Электр энергиясының құны қымбаттауы мүмкін