Министрлік кредиттік баспананы қаржыландыруды ұлғайтуға дайын

inform.kz
inform.kz
Қазіргі кезде пәтер кезегінде 487 мың адам тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев кредиттік баспанаға бөлінетін қаржыны ұлғайтуға болатынын мәлімдеді. Бүгінде аталған баспана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет құрылысқа кететін шығындар аз болсын деп, инженерлік инфрақұрылымды бюджеттің есебінен салып отырады. Осы мақсатта жыл сайын 100 миллирд теңге бөлінеді. Енді, қажет болған жағдайда біз кредиттік баспананы қаржыландыру көлемін тағы 150 миллиард теңгеге арттыруға дайынбыз. Қазір осы салада 220 миллиард теңге айналымда жүр. Біз оған тағы 150 миллиард теңгені тартып, құрылыс қарқынын ұлғайтуға әзірміз. Бүгінде нақты келісімдер де бар», - деді Қ.Өскенбаев мемлекеттік қызметті жаңа форматта қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.

Айта кетейік, сессия кезінде вице-министр Қ.Өскенбаев барлық қазақстандықтарды баспанамен қамтуға қажетті қаражаттың сомасын да жариялады. Қазіргі кезде пәтер кезегінде 487 мың адам тұр.

«Олардың мәселесін біржола шешуге, дәл қазір 4 триллион 887 миллиард теңге керек болып тұр. Оның инфрақұрылымы 20 пайыз. Сонда кезекті тұрған азаматтардың баспана мәселесін бірден шешу үшін республикалық немесе жергілікті бюджеттен 6 триллион теңгедей ақшаны қазір қолма-қол жұмсау қажет», - дейді Қ.Өскенбаев.


Новости партнеров