ҚР Ұлттық экономика министрі валюта бағамын өз еркіне жіберуді ұсынды

arnapress.kz
arnapress.kz
Экономиканы алға сүйрейтін үш нәрсе: туризм, электронды сауда-саттық пен экспорт
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазақстанда бизнес бастау қиын». ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов халықпен кездесуінде осылай  деді.  Министр бірінші кезекте жеке кәсібін енді бастаған шағын кәсіпкерлердің, әсіресе, несие алу жолында қиналатынын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министр осы мәселені оңтайландыру үшін кәсіпкерлерге мемлекеттің жан-жақты көмек беруі керектігіне тоқталды. Сондай-ақ Руслан Дәленов валюта бағамына тиіспей, оны өз еркіне жіберу керек деген де пікір білдірді. Себебі еркін бағадағы теңгені бір қалыпта ұстауға күш жұмсау ертеңгі күні күтпеген жағдайдың орын алуына және теңгенің құлдыруына себеп болуы ықтимал дейді министр.

«Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мен сарапшылар да осындай пікірде. Сондықтан Қазақстанның ахуалын ескере отырып, турбуленттік жағдайда валютаның еркін бағамдық саясатын ұстанған жөн», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.

Министр Қазақстан экономикасын алға сүйрейтін үш саланы да атады. Қаржылық жағдайымыз өзге елдермен теңесу үшін бірінші кезекте туризм, электронды сауда-саттық пен экспортты дамыту керек дегенді алға тартты ол. Аталған үш бағдар Қазақстанда жұмыс орындарының артуына да ықпал етеді. Министрлік осы салаларды дамытамыз деген кәсіпкерлер болса, барлық жағдайды жасайды деп түйіндеді Руслан Дәленов.

«Біздің қолымызда салық саясаты бар, біз бюджетке жауаптымыз, кеденге де ықпалымыз жүреді және инвестициялық мәселелерді бақылаймыз. Осы төрт жолмен аталған салалардың жеке-жеке дамуына көмектесе аламыз және оған дайынбыз», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі.


Новости партнеров