|
19.06.2019 | 19:07
4218

«Қазақтелеком» мен Ericsson компаниялары 5G технологиясын сынақтан өткізді

Интернет желісінің 5-буынына толықтай өту 2021 жылға жоспарланып отыр

«Қазақтелеком» мен Ericsson компаниялары 5G технологиясын сынақтан өткізді Almaty.tv

Алматыда «Қазақтелеком» мен Ericsson компаниялары 5G технологиясының мүмкіндіктерін тексеріп көрді. Сондай-ақ жаңа тестілік режимде жұмыс істейтін интернет желісінің құрылғысы көпке таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін бесінші буын технологиясының қарқынын өз көзімен көру үшін еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев арнайы келді. Министрді аталған шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің өзі алып барды.

Айта кетейік, Алматы еліміз бойынша IT қызметтерінің тең жартысын өндіреді. Сондай-ақ бүгінге дейін тұрғындар сұранысының 95 пайызы автоматты жүйеге ауыстырылған. Қалада «Смарт Алматы» концепциясы негізінде осыған дейін 40-тан астам цифрлық жоба жүзеге асырылса, биыл оның қатары тағы 30 шақты жобамен толығады.

«Бүгін Алматы қаласы, жалпы Қазақстан үшін өте маңызды іс-шара болып жатыр. 5G жаңа технологиясы тұңғыш рет біздің қаламызда тұсауын кеспек.  Қазіргі таңда дүниежүзі жаңа цифрлық технологияларға көшіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының цифрлық бағдарламасы нәтижелі түрде Қазақстанда жүзеге асырылуда. Сондықтан бүгінгі Ericsson компаниясының 5G технологиясының таныстырылымы бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», –  дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Әзірге интернет желісінің бесінші буынына толықтай өту 2021 жылға жоспарланып отыр. 2020 жылға дейін стандарттар енгізілмек. Оған қоса, биыл әр түрлі диапазонда бірнеше тексеру өткізу көзделген. Осыған дейін тесттік режимдегі тексерулер Нұр-Сұлтан, Ақкөл қалаларында өткен.

Айта кетейік, егер еліміз 5G-ге өтсе, байланыс жақсарып, ғаламтордың орташа жылдамдығы секундына 20 гигабайтқа жетеді. Онда бір мезетте  тұтынушылар саны шақырымына 1 миллионды құрайды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир