Елімізде ипотекаға үй алу көрсетікіші рекордтық деңгейге жетті. Ағымдағы жылдың ақпан айында, займның бұл түрі 1,3 триллион теңгені құрап, бір жылда 22,5 пайызға артқан деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Баспананы банк арқылы қарызға алатындардың басым көпшілігі – алматылықтар. Одан кейінгі орынға Нұр-Сұлтан тұрғындары жайғасқан. Ал, үштікті Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары түйіндейді.
2007-2008 жылдары болған әлемдік дағдарыс біздің елді айналып өтпей, салдарынан 2010 жылы ипотека рәсімдеу бірден 6 пайызға азайып кеткен еді. Тіпті, қаржылық қысылтаяң болмай тұрып та Қазақстанда дәл бүгінгідей ипотека алушылар көп болмапты. «Финпром» порталының мәліметінше, көпшіліктің банк арқылы баспана алуына 7-20-25 бағдарламасы сеп болған.