Санитарлық нормаларды сақтамаған кәсіпорындарға 4 млн теңгеге дейін айыппұл салынады

21.05.2020 23:41

Оның ішінде азық-түлік дүкендері, сән салондары мен Көк базар бар

Almaty.tv

Жұмысын бастаған кәсіпорындар тазалық сақтамаса, дезинфекторлардың еңбегі далаға кетер. Індетті бірігіп жеңбесек, бір-бірден күресуге қауқар жетпейді. Бүгін қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин бастаған мобильді топ жұмысын жандандырған мекемелерді аралап шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның ішінде азық-түлік дүкендері, сән салондары мен Көк базар бар.

Қалалық кәсіпкерлік басқармасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен санитар дәрігерлерден құрылған мобильді топ алдымен әмбебап азық-түлік дүкенінен бастады. Бұл сауда орнында нанның арнайы қаптамаға салынбай саудаланып жатқаны анықталды.

Мұндағылардың барлығында қос-қостан қолғап пен бетперде бар екен. Ал, мына сән салоны болса бетпердесіз келгендерді қабылдай беретін болып шықты. Одан өзге, жұмысшылар масканы әр 20 минут сайын ауыстырып тұрамыз деп бас санитардың алдында шатасты. Тиісінше, Жандарбек Бекшин салон әкімшісіне ескерту жасады.

«Олардың айтатын әр 20 минут сайын бетпердені ауыстырамыз дейді. Олай емес. Сіз оларға дұрыстап түсіндіріңіз. Бір бетпердені әр 2-3 сағат сайын ауыстыру қажет. Және оны таққан кезде ауыз бен мұрынды толық жауып тұруы қажет», – деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек БЕКШИН.

Ал, адам көп жиналатын Көк базарға ескерту көп айтылды. Мәселен, 500 шаршы метрден асатын мекемеге келушілердің міндетті түрде дене қызуы қашықтан тексерілуі қажет. Алайда орталық базарда мұндай құрылғы болмай шықты. Базар қожайындары болса сылтау айтумен әлек.        

Санитарлық нормаларды сақтау дегеніміз – бұл тек бетперде тағып, қолғап кию ғана емес, сондай-ақ санитайзерлермен антисептиктер, сонымен қатар әлеуметтік арақашықтықты сақтау маңызды. Ол үшін осындай сауда орындарында міндетті келушілерге арнайы белгі орнатылуы қажет.      

Ал, бұл базарда арнайы белгілер санаулы қатарлар да ғана бар. Шеткі қатарлардан арақашықты білдіретін белгіні мобильді топ таба алмады. Бірнеше ереже бұзушылықты анықтаған мамандар алдағы уақытта айыппұл салынады деді.      

«Базардың әкімшілігіне айыппұл салу үшін Медеу ауданының бас санитарлық дәрігеріне тапсырма берілді. Бұл – ірі бизнес. Сондықтан бұл нысанға ірі айыппұл салынады. Біздің жұмыскерлеріміз қарап шығады. Айыппұлдың көлемі ірі бизнес болса, 4 миллион теңгеге дейін жетеді», – деді еді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек БЕКШИН.      

Қалалық бас анитардың сөзінше, Алматының барлық аудандарында осындай бірнеше мобильді топ құрылған. Олар осы уақытқа дейін қала бойынша 3000-нан астам кәсіпорынды тексеріп, 100-ге жуығына тиісті шара қолданған.

Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы»  арнасы