Алматы-Тараз тасжолында жүк көліктері кептеліп тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Төтенше жағдайлар министрлігі қолайсыз ауа райында сапарға шықпауға кеңес берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы-Тараз тасжолында жүк көліктері екі күннен бері кептеліп тұр.  Ішерге ас, бас сауғалар орын таппай жүрген жүргізушілер қауқарымыз қалмады деп отыр. Ұзын-сонар тізбек бірнеше шақырымға созылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бейнежазбаларды екі күннен бері кептелісте тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері түсірген. Қақаған аязда далада қалдық деген темір тұлпар иелері қалың қардан кейін жолдың тазаланбағанына налып отыр. Жолынан қалған жүргізушілердің ішерге ас-суы да қалмаған. Бұл жағдайды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары былайша түсіндіріп көрді.

– Қолайсыз ауа райына байланысты еліміздің 11 учаскесінде республикалық маңызы бар тасжолдар жабық. Қазір 400-ге жуық көлік кептелісте тұр. Қыс басталғалы 70-тен астам темір тұлпар қар құрсауынан құтқарылды, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ департамент директоры Дархан Сақанов.

Еліміздің өзге аймақтарында да жағдай мәз емес. Теміртауда су құбыры қатып қалып, қаланың шығыс бөлігі ауыз сусыз қалды. Жергілікті әкімдік қазір тіршілік нәрінің төмендетілген гидравликамен беріліп жатқанын айтты. Оқиға орнында 8 бригада мен 10 арнайы техника жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ республиканың бірқатар өңірінде жолдар жабылып, қарлы боранда адасқан жолаушылар құтқарылды. Төтеншеліктердің ескертуін елеместен, тәуекел етіп сапарға шығып жолда қалғандар да бар. Оларды құтқару үшін төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

– Қызмет бабымен жолға шыққанбыз. Қайтар жолда көлік қарға бөгіп қалып, төтенше жағдайлар қызметіне хабарластық. Олар жарты сағатта келіп, ауылымызға аман-есен жеткізді, – деді жолаушы.

Түркістан облысындағы төтеншеліктер де боранды күні адасып кеткен бірнеше жеңіл көліктің жолаушыларын құтқарып, көмек көрсетті.

Айта кетейік, еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі қолайсыз ауа райында сапарға шықпауға кеңес берді.

Гүлмарал Изатқызы, Алматы Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысындағы әлеуметтік нысандарға жылу қашан беріледі

Новости партнеров