Қазына қаржысы дұрыс жоспарланбайды. Бұл туралы Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Есеп комитетінің дерегінше, мемлекеттік бюджетте жыл сайын миллиардтаған қаржы дұрыс жоспарланбайды. Мәселен, өткен жылы жалпы соммасы 413 млрд.теңгені құрайтын бұзушылық анықталған. Сөйте тұра шығыстарға қаражат жетпей қалатын көрінеді.
«Бұл нонсенс. Әсіресе бюджеттің 8%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге өсуін ескергеннің өзінде. Егер бізге коммуналдық қызметтерді төлеуге ақша жетпесе, біз пәтерімізге күрделі жөндеуді жоспарламаймыз ғой. Мемлекет басшысының бастамаларын қоспағанда, бұл Қаржы министрлігінің бюджеттік бағдарламалары әкімшілігінің бюджетті сапасыз жоспарлауының көрсеткіші», – деді ҚР Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова.
Есеп комитеті басшысының айтуынша, мемлекет амалсыздан Ұлттық қордан қаражат бөлуге мәжбүр. Ал бұған дейін Президент қор қаражатына телміруді доғару керектігін ескерткен еді. Алайда алынған ақшаның 64 пайызы зейнетақы мен жәрдемақылар төлеуге, тіпті сотталғандарды қамтамасыз етуге қарастырылған көрінеді. Бұған қоса, Мәжіліс депутаттары бірқатар салаларда қаражаттың игерілмей қалуына қатысты сын айтты.
«Жоспарлау сапасы өте нашар, біріншіден. Екіншіден, нақтылау күзде болмайды. Сонда жыл сайын осы үрдіс жалғасып отыра ма? Қаншама ондаған миллиард әлеуметтік салаларда, басқа салаларда да игерілмеген. Демек қаншама аурухана салынбады. Қаншама әлеуметтік мәселе шешілген жоқ, баспана салынған жоқ», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов
«Шынымен де нақтылау бір-ақ рет болды. 2020 жылы 2 рет болған. Бюджеттік әкімшілер соған үйреніп алды. Жылдың соңында тағы да нақтылап, дұрыс жоспарланбаған істі жқндейміз деп ойлайды», – деді ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Қаржы министрі бюджет қаражатын игере алмаған орталық және жергілікті органдардың 155 қызметшісі тәртіптік жазаға тартылғанын айтты. Айта кетейік, өткен жылы діттеген мақсатқа жұмсалмаған қаражаттың 30 пайыздан астамы әлеуметтік салаға қатысы бар министрліктерге тиесілі.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан