Қазақстанда билік өкіліне бағынбағандарға қатысты жауапкершілік күшеюі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Депутат Гүлнар Бижанованың айтуынша, қаңтар оқиғасы азаматтардың, оның ішінде қызметкерлердің құқығы мен бостандығын қорғау бойынша кешенді шаралар қабылдау қажеттілігін көрсеткен. Заң жобасында төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздіктер және терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында билік өкіліне бағынбағаны, оған қатысты зорлық-зомбылық қолданғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сондай-ақ Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің міндеттерін орындаудан бас тартуы немесе жалтаруына қатысты жаза қатаң болмақ.
«452-1-бапқа тоқталғым келеді. «Басшының қызметтегі әрекетсіздігі». Бұл бап бойынша төтенше жағдай кезінде бейбіт халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген, ғимараттарды басып алу, мүлікті талан-таражға салу, тонау болып жатқан жағдайда жергілікті басшылардың әрекетсіздігі үшін 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделеді. Мұның бәрін қаңтарда байқадық. Бұл жауапсыздық және қылмыс», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова.