Шағын және орта бизнес: Алматыда іскерлік белсенділік артты

Almaty.tv
Almaty.tv
Қайғылы қаңтарда 2000 кәсіпкерлік нысан зардап шекті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда іскерлік белсенділік жоғарылады. Шаһарда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 17,7 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаңтар қырғыны кезінде қаскөйлер Алматыдағы сауда дүңгүршіктерінің басым бөлігін дымсыз қалдырған еді. Оның ішінде смартфондар, зергерлік бұйымдар, киім-кешек, тұрмыстық техника және басқа да бағалы заттар сататын дүкендер бар. Арнайы штаб құрылып, кәсіпкерлерге 17 миллиард теңге өтемақы қайтарылды.

– Алматы қаласында арнайы комиссия құрылған болатын. Оның 40-қа жуық комиссия отырысы өтіп, 600-ден астам кәсіпорынның шығынның орнын толтыру механизмі қарастырылды. Кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетілді. Сондай-ақ салықтан босату,  жалға алған ғимараттың төлемі, коммуниалдық қызметтерден босатылды, – деді  «Атамекен» ҰКП Наурызбай аудандық филиалының директоры Мақсат Сералы.

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 2000 кәсіпкерлік нысан зардап шекті. Дегенмен көмектен бас тартып, кәсібін дамытқан бизнес иелері де болған.

– Жалпы 2000-ға жуық қоңырау түсті. Бірақ көптеген ірі  кәсіпорын шығынды өздері жапты. Ал шағын кәсіпорындарға көмек көрсетілді, – деді Мақсат Сералы.

Қаңтар оқиғасы кезінде республика бойынша шығынға ұшырап, ең көп зардап шеккен кәсіпкерлердің басым бөлігі Алматыда болды. Дей тұрғанмен бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 345 мыңға дейін артты. Нәтижесінде шаһар ел бойынша бірінші орында тұр.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай: Биыл елді елең еткізген елеулі оқиғалар қандай

Новости партнеров