Салық кодексіне енген мұндай өзгерістер кәсіпкерлерге майдай жаққан. Олар салыққа төлейтін ақшаны керісінше айналымға салып, бизнестерін кеңейтуді көздейді. Бүгін Медеу аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары халық көп шоғырланған жерлерге барып, кодекстегі өзгертулерді түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кәсіпкер Гүлімхан Жұмабаева 5 жылдан бері отбасын сауда жасап асырап келеді. Оның айтуынша, осыған дейін салыққа ай сайын кем дегенде 20 мың теңге төлеп келген. Бұл сома көзге аз көрінгенмен, қалтаға салмақ салады дейді. Енді жаңа салық кодексіндегі өзгерістерге сәйкес 3 жыл салық төлеуден босағанына қуанышты. Қазір оның базарда екі сауда нүктесі бар. Алдағы уақытта қаражатты үнемдеп, бизнесін дамытуды жоспарлап отыр.
«Бизнесімізді кеңейтсек дейміз. Басында азық-түлік сатқанбыз. Одан кейін азық-түліктен болмаған соң, киімге өткенбіз. Қазір киім де арасында болады. Шүкір оған да. Базарда сауда ондай керемет боп жатқан жоқ. Арасында бір-екі зат сатамыз. Оған да риза болып қайтамыз», - дейді саудагер Гүлімхан ЖҰМАБАЕВА.
Одан бөлек, енді салық мамандары шағын және орта бизнесті 3 жыл бойы тексере алмайды. Есте болса, мемлекет басшысы мораторий жариялаған болатын. Бұдан былай салық мамандары кәсіп иелеріне тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады.
«Былтыр жылы Медеу ауданы бойынша 350-ге жуық салықтық тексерулер жасалды. Яғни, салық төлеушілер тарапынан заңбұзушылықтар жойылмады. Соған байланысты тексеру жасалды. Біз салықтық тексерулерді жасаудан бұрын салық төлеушіге хабарлама жолдаймыз, түсіндірме жұмыстарын жасаймыз. Осыны орындамаған жағдайда ғана тексерулер жасап келдік», - деді Алматы қаласы Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ.
Шағын және орта кәсіп иелерін салықтан толықтай босатқан жаңа салық кодексіне сәйкес кәсіп иелеріне бір ғана талап қойылып отыр. Олар осындай онлайн кассалық аппаратты қолдануы керек. Мамандар бұл көлеңкелі бизнестің алдын-алу үшін қажет дейді.
Жаңа салықтық кодекс шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған дейді мамандар. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімін 5 жылдан 3 жылға қысқарту қарастырылған. Кодекс идеологияны өзгертуді, әкімшіліктендіруді ынталандыруды және оңайлатуды енгізуді көздейді.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы