Нұр-Сұлтанда 23 адам үй алу жолында 380 миллион теңгеге алданып қалған

Нұр-Сұлтанда 23 адам үй алу жолында 380 миллион теңгеге алданып қалған
Үлескерлер салушыдан баспана емес, ақшаларын қайтарып беруді талап етеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда тағы да үлескерлер меселесі. Бұл жолы аяқсыз қалған «Тельман парк» тұрғын үй кешеніне ақша салғандар 380 миллион теңгеге алданып қалғандарын айтады. 2014 жылдан бері баспаналы боламын деп жиғанын берген 23 адам жылдар бойы әділеттілік іздеп келеді. Салушының тіпті «үйдің құрылысын аяқтаймын» деген құр уәдесін де өмірі естімеген көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сағындық Бекбауов осыдан 7 жыл бұрын пәтерлі боламын деп 8 миллион теңгесін құйған. Ол кезде жоба «Туринский квартал» деп аталған. Содан бері былтырға дейін қаншама адам алданды дейді. Салушыға бірнеше рет қылмыстық іс қозғалған көрінеді. Алайда лицензиясы тоқтатылған жоқ.

«Бізбен 18 мәрте кездесті. Активтерімді сатамын, инвесторлармен келісімге отырып, ақшаларыңды қайтарып беремін деп құр уәде берді. Қиялы да бай. Бір реті үйімді сатамын дейді. Активтері шынымен де бар. Бірақ неге сөзінде тұрмайтынын түсінбейміз», - деді үлескер Сағындық БЕКБАУОВ.

Үлескерлердің сөзінше, олардың барар жері, басар тауы қалмаған. Салушыға қатысты қылмыстық іс қозғалып, бір-екі күнде жабылып қалатынын алға тартады. Сондықтан оны жауапкершілікке тартуды талап етуде.

«Мемлекет басшысы былтыр қыркүйекте «салушы біреудің құқығын бұзса, темір тордың ар жағына қамалуы керек» деп қадап айтқан болатын. Нұр-Сұлтан қаласының ішкі істер департаментінің тергеушісі Зікіриннің істі жабу керек деген қаулысына қарсылығымызды білдіру үшін Тергеу сотына бардық. Сәрсекеев үш күн бойы бізді, яғни үлескерлерді қолдап келді. Істі қалай ғана жабуға болады, қандай да бір сараптама жүргізіңдер, әрекет жасаңдар деп қуантып еді. Алайда, үш күннен кейін Сәрсекеев өзі істің жабылуы жөнінде шешім шығарады», - дейді үлескер Дәурен ҒАБДҰЛ.

Ал қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы жетекшісінің орынбасары Дәулет Досқұлов түйткілге үлескерлердің өзі кінәлі екенін айтады. Олар ақшасын құймас бұрын, құрылысқа берілген рұқсатын көріп, көз жеткізулері қажет дегенді алға тартады.    

«Үлескерлік қатысу заңына сәйкес азқабатты құрылыс заңмен қарастырылмаған. Сондықтан бізге қатысы жоқ. Бұл мәселеге салушы да, үлескерлер де кінәлі. Себебі олар аталған салушының құрылысқа рұқсаты жоқтығын біле тұра, ақшасын құйды. Малдыбаев бізбен кеңеспейді, рұқсат алмайды. Сондықтан біз қалай жауап береміз», - дейді Қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы басшысының орынбасары Дәулет ДОСҚҰЛОВ.  

Үлескерлер салушыдан баспаналарын көтерсін деп талап етпейтінін айтады. Тек ақшасын қайтарып алмақ ойда. Қазіргі кезде салушы 380 миллион теңге қарыз, дейді.

Міне, дәл осы жерде үлескерлер айтып отырған «Тельман парк» тұрғын үй кешені бой көтеруі тиіс болатын. Олардың басым бөлігі жаңа пәтерге қол жеткізу үшін өзінің жалғыз баспаналарын сатып, ақшасын құйған. Қазір пәтер жалдауға мәжбүр. Кейбірі тіпті, жеке шаршы метрлеріне жете алмай өмірден озып та кеткен. Ал басталмаған құрылыстың енді аяқталатыны екіталай. Қайткенмен күрмеуі көп түйіннің тарқауы тек уақыттың еншісінде

Салтанат Нысанбек, Әли Мұхтаров, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан

Новости партнеров