Мал шаруашылығын дамытуда өзін-өзі қамтамасыз ету мен экспортты арттыруға басымдық беріледі. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, үкімет басшысы Қазақстан әлемдік азық-түлік хабының біріне айналу әлеуетіне ие екенін де айтты. Мінберде айтылған тағы қандай мәселе бар? Кімге нендей тапсырма жүктелді?
Қазіргі уақытта мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жоспарланған және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың көлемі 717 млрд теңгеден асады екен. Үкімет отырысында премьер-министр сәтті мысал ретінде Түркістан облысындағы түйе сүтін өңдеу зауытын келтірді. Инвестордың шикізатты тартымды бағамен сатып алуының арқасында сүтке сұраныс артып, түйе шаруашылығы қарқынды дами бастаған. Бір түйенің құны ел бойынша 2 есеге өсті. Сала аса тартымды бола бастады деді Асқар Мамин.
«Үкімет мал шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті болуына және экспортты ұлғайтуға баса назар аударатын болады. Ірі өңдеуші кәсіпорындардың айналасында, оның ішінде жергілікті өндірушілерге экспорттық процеске қатысуға мүмкіндік беретін трансұлттық компаниялар мен инвесторлардың қатысуымен зәкірлі кооперация ерекше басымдықта болуы тиіс», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Вертуалды кездесуде үкімет басшысы мал шаруашылығы саласы тұрақты дамып келетінін айтты. Сондай-ақ, селекторлық отырыста азық-түлік пен егін мәселесі де сөз болды. Премьер-министр ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынын ұлғайту аясында сапалы әрі қолжетімді шикізат базасын өсіру, өнімділікті жоғарлату, жоғары бөлініс өнімдерінің өндірісіне жедел көшу бойынша шараларды қабылдауды тапсырды. Үкімет басшысы алға қойған міндеттердің орындалуына тағы да Түркістан облысын мысал ретінде келтірді, онда 4 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өндірісін 3 есеге арттыру бойынша кешенді жоспар бар.
«Осыған байланысты біз Түркістанның төңірегінде мынадай жаңбырлатып суару технологиясын қолға алып отырмыз. Жалпы біздің жоспарымыз 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын алып келіп, сол жердегі тұрған шаруалардың бәрін біріктіру. Қазір үш кооператив біріктірілді», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.
Соны мен қатар, Асқар Мамин мемлекеттік қолдау аясында заманауи суару технологияларын пайдалана отырып, ірі және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарының суармалы учаскелерін кеңейтуге, егін көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылатынын айтты. Бұл дайын өнім өндіретін келесі өндірістерді дамытуға мультипликативті әсер береді дейді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы FAO болжамы бойынша Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әлеуеті жоғары АҚШ, Австралия, Бразилия және Аргентина мемлекеттерінің қатарында және әлемдік азық-түлік хабына айналуына нақты мүмкіндігі бар», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Жиын соңында Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірге әр өңір бойынша ауыл шаруашылығы саласының ерекшелігін ескеріп, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың кешенді бағдарламасының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді жүктеді.
Өмір Әнуарбек, Мақсат Күнібеков, «Алматы» арнасы