Үндістан мен Орталық Азия елдері арасында тауар айналымы 3 млрд долларға жетті. Сауда-саттықтағы Қазақстанның негізгі үлесі 80 пайызды құрады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Үндістан – Орталық Азия» саммитінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ҚР Президенті сондай-ақ бұл елдің сауда-экономикалық платформа құру бастамасын қолдайтынын жеткізді. Аталған платформада әзірленген ұсыныстарды нақты бағдарламалар мен жобаларға трансформациялауға болады деп атап өтті.
«Өз кезегінде Қазақстан оларды бірлесіп іс жүзінде жүзеге асыру үшін қажетті қаржыға ие. Атап айтқанда, біз 600 млн доллар сомаға 80 тауар атауынан тұратын тізілім жасақтадық. Оны таяу уақыттың ішінде үнді тарапына жібере аламыз. Қазақстанға Үндістан экспортын кеңейту мүмкіндігін қарауға дайынбыз. Осыған орай, әрбір елдің бәсекелестік басымдығын ескере отырып, сауда ағынын арттыру бойынша жоспар әзірлеу ұсынылады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Үндістан мен Орталық Азия елдеріне өңіраралық көлік-логистикалық консорциум құруды ұсынды. Мемлекет басшысы соңғы 10 жылда елімізде ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 30 млрд доллар инвестиция салынғанын атап өтті.
«Келешекте біз оны жаңғыртуға мол инвестиция салуды жалғастырамыз. Теңізге шығу жолы жоқ еліміз үшін бұл мәселенің стратегиялық мәні бар. Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланыстылығы сәулетінің басты элементі сенімді, тиімді әрі қауіпсіз транзиттік инфрақұрылым құру болуы тиістігіне сенімім мол. Ол үшін өңіраралық көлік-логистикалық консорциумын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Аталған құрылым Үндістан және Каспий теңізі мен Парсы шығанағы порттары бағытындағы көлік бағдарларында толыққанды әрі өзара тиімді жүк тиеуге қатысты ұлттық саясатты тиімді үйлестіруді қамтамасыз етер еді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.