|
04.05.2023 | 19:37
40136

Визасыз режим: қазақстандықтар үшін несімен тиімді

Қазақстан мен Қытай үшін маңызды бастама сәуір айының ортасында қолға алынды

Визасыз режим: қазақстандықтар үшін несімен тиімді ашық дереккөз

Арзаншылық, ілгерілеген кәсіп, қолайлы инвестиция, дамыған экономика. Шағын және орта бизнес иелері еліміздің болашағын осылай «жарқын» етіп елестететінін айтады. «Бұған Қытай мен Қазақстан арасындағы «визасыз режим» енгізілсе, жол ашылады» деп сенеді. Логистикалық компания өкілдері делдалсыз сапалы тауарды тиімді бағада әкелуге мүмкіндік туатынын алға тартады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан мен Қытай үшін маңызды бастама сәуір айының ортасында қолға алынды. Екі тарап өз азаматтары үшін визасыз режим енгізуді жоспарлап отыр. Құжатқа сәйкес, отандастарымыз аспан асты елінде, ал қытайлықтар Қазақстанда шекарадан асқан соң 30 күн болуына рұқсат етіледі. Бұл жаңалықты шағын және орта бизнес иелері «тарихи оқиға» деп бағалап отыр. Өйткені, Қытай халықаралық аренада экономикасы озық ел болып табылады және қолайлы инвестициялық ахуалды қолдауға мүмкіндік береді.

«Визасыз режим Қытай мен Қазақстан арасындағы экономиканы, тасымалдар кезіндегі іскерлік қатынастарды нығайтады. Енді жүргізушілер Қытайға өз көліктерімен кедергісіз кіріп, жүктерді тиеу процесін толық бақылай алады. Пандемия кезінде визалық режим қатаңдай түсті. Салдарынан көрші елге сапарымыз айтарлықтай қысқарып, бизнеске кері әсер еткен еді. Енді мүмкіндік туып отыр», –деді логистикалық компанияның директоры Арбек Баймұхамедов.

«Бұл бастама логистиканың да ілгерілеуіне ықпал етеді. Әзірге, қызметкерлеріміз виза алуға кезекте тұр. Егер, визасыз режим тезірек енгізілсе, әріптестеріміз жиі, кем дегенде айына 1 рет Қытайға баруына мүмкіндік туады. Қазір сауда, бизнес өте қарқынды дамып жатыр ғой. Біздің де кәсібіміз нарықтағы сұранысқа сай болуы үшін визасыз режим «үдеткіш күш» болады деп сенемін», – деді Көлік-логистикалық компанияның директоры Жангир Хәкімжанов.

Логистикалық компания иелерінің сөзінше, визасыз режим екі тараптың іскер топтарының арасында байланысты нығайтады. Жүк көліктері делдалдардың көмегінсіз, сапалы әрі арзан бағада тауар тасуына мүмкіндік тумақ. Елімізге қажетті өнімдердің басым көпшілігі Қытайдан келетіндіктен, бұл қымбатшылық қамытын шешуге сеп болады. Ал туристік компания өкілдері бұл бастама елімізге туристер мен инвесторларды көптеп тартуға, осы салаға қаражат ағынын ұлғайтуға тиімді екенін алға тартады.

«Бұған дейін виза алу үшін ұзақ уақыт күтіп, көп қаражат жұмсайтынбыз. Қазір көп мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. Инвестициядан бөлек, енді елімізде туризм саласы да дами түспек. Халықаралық статистикаға сүйенсек, турист қыдырып келген елде 11 жұмыс орнын құруға жол ашады. Ал елге саяхаттап келген 1 шетелдік азамат бір күнде 100 доллар жұмсайды. Бұл дегеніміз – Қазақстанда экономика дамиды, жұмыссыздар азайып, көрікті жерлеріміз көркейе түседі деген сөз», – деді туристік компанияның директоры Әсем Қозбағарова.  

Айта кетейік, дипломатиялық келісім орнаған сәттен бастап Қазақстан мен Қытай әрқашан тату болып, көршілік, достық қатынасты берік ұстанып келеді. «Еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен бірінші болып Қытаймен визалық уағдаластыққа қол жеткізгені -  Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, отандастарымыздың төлқұжатының имиджін қалыптастырады» дейді кәсіпкерлер. Сауда да оңтайланады, таңдау көбейеді, қос тарап халқының бейбітшілігі артады.  


«Кезінде виза мәселесіне байланысты асығыс барып, асығыс келетін. Көп жұмыс шала бітіп қалатын. Қазіргі кезде емін-еркін, қайда баратынын, қалай жүретінін, уақыт жоспарласа, емін-еркін жетеді деп ойлаймын. Ол жаққа барып, кәсіпкерлермен, саудагерлермен саудаласып, тауарын көзбе-көз көреді.  Саудаласып, ең төменгі бағада алып, Қазақстанға әкеліп, ең қолайлы бағада тұтынушыларға береді деп ойлаймын. Сондықтан, өте тиімді», – деді кәсіпкер Керімжан Рүстемұлы.

«Елімізде кішкене болса да арзаншылық болады деп ойлаймын. Өйткені, сапалы әрі арзан ойыншықтарды, киімдерді өз көзімізбен көріп, әкелгеннен кейін ортадағы жеткізушілерден пайда аламыз. Халыққа кішкене болса да арзан тиеді. Жеке кәсіпкер ретінде көзқарасым, маған бұл өте ыңғайлы. Қытайдағы кәсіпкер азаматтармен бірлесе отырып, инвестор тарта аламыз. Сондықтан, экономика жағынан елімізге пайдалы деген ойдамын», – деді кәсіпкер Гүлия Ахмет

Айта кетейік, аспан асты елі Қазақстаннан бөлек, бірқатар Орталық Азия елдерінің негізгі сауда серіктесі болып табылады. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан, Қытай, Орта Азия елдерінің арасындағы тауар айналымы 31,9 пайызға өсіп, 32 миллиардтан аса АҚШ долларын құрады. Тек елімізде бұл көрсеткіш былтыр 24 миллиард АҚШ доларына дейін жетті. Ал визасыз режим енгізілсе, Қазақстанның экономикасы айтарлықтай дамитыны сөзсіз.

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир