Атыраудағы көпқабатты үйдің тұрғындары үйінді астында қаламыз ба деп қорқып отыр. Өйткені Алмагүл ықшамауданындағы үйдің жертөлесі жекенің қолына өтіп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ала таңмен жиналған қараша жертөленің күл талқанын шығарып, бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің ісіне наразылығын білдірді. Олардың айтуынша, тоғыз қабатты үйдің астын рұқсатсыз иемденіп алған қожайын әр жерден есік шығарып, құбырларды кесіп тастаған. Ол аздай, жертөледен сырахана ашып алған.
«Екі бірдей сырахана жұмыс істеп тұр. Енді тағы ашатын болса, мына жер базар болайын деп тұр. Тұрғындардан ешқандай да рұқсат алынған жоқ. 100 метр жерде мектеп тұр. Заң бойынша сырахана ашуға болмайды», – деді қала тұрғыны Әлібек Қазмағамбетов.
Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған жұрттың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Тіпті мәселені ашып айтып, жұмыстың бағытын түсіндіретін жауапты табылмаған. Ал портал арқылы сұраныс жібергенде «жертөледе құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ» деген хат келіпті. Бірақ кәсіпкердің жұмысты тоқтатқысы жоқ.
«Жөртөле толық сатылған. Қабырғаны тесіп, есік шығарып, ойына келгенді жасап жатыр. Мен көпбалалы анамын. 6 балам бар. Бір күні мен үйіндінің астында қалсам таң қалмаймын», – деді қала тұрғыны Мейрамгүл Құсайынова.
Ал шенділердің қолындағы мүлдем басқа құжат бар. Онда тіпті тұрғындардың рұқсат берген қолы да бар болып шықты. Бірақ бұл тізіміде осында тұратындар жоқ.
Жертөленің әу баста қай мекеменің балансында болғаны белгісіз. Жауаптылар оның кімге, қанша қаржыға сатылғанын білмейтінін айтты. Қолда бар ақпарат бойынша, дәл қазір жертөленің 266 шаршы метрі кәсіпкердің иелігінде екен.
«Бізге құжаты тапсырғанда, есіктері бұрыннан қолданыста бар деп көрсетілді. Тексеріс жұмыстары жүргізілетін болады. Бізден өткен кезде, тек ол жерді бөлуге ғана рұқсат алған. Ал енді ашылған мына сыраханаға рұқсат берілген жоқ», – деді Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Фараб Қуанышқалиев.
Наразы топтың жанайқайын тыңдауға келген шенеуніктер де жарытып түк айта алмады. Ал тұрғындар құрылыс тоқтамаса, қордаланған мәселені Жоғарғы сотқа дейін жеткізетінін айтып, тарқасты.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау