Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Экономиканың негізгі тірегі саналатын бұл салаға қазынадан 70 миллиард теңге бөлінеді. Мұндай қолдау агроөнеркәсіптің дағдарыс кезеңінде дамуына ықпал етеді, дейді Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев.
Жер ананың бауыры жібіп диқандар егіс науқанына білек сыбана кірісер шақ қазір. Алайда төрткүл дүние бар күшті коронавируспен күрес жұмыстарына жұмсап жатқанда, елдегі шаруалар жұмысымыз тұралап қала ма деп қам жегені рас. Бірақ Президент көктемгі егіс науқаны үшін қаражат бөлінетінін айтып, еңбек адамдарының еңсесін тіктеді.
«Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Аграрлық несиелік корпорация арқылы фермерлерге 5-6 пайызбен несие беріледі. Бұл Оңтүстікте дала жұмыстарын бастап кеткен, ал Солтүстікте техникасын сайлап отырған шаруалардың көңілін шалқытты дейді, осы саланың мамандары. Енді бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану – әр қожалық иесінің өз қолында.
«Қасым-Жомарт Кемелұлының жасаған үндеуі бүгінгі қалыптасқан дағдарыстағы жағдайда өте орынды. Біз, Қазақстан фермерлері, Президентіміздің жасаған мәлімдемесін қолдаймыз, қуаттаймыз... Ол кісі өзінің үндеуінде ауыл шаруашылығын дамыту туралы, азық-түлік қауіпсіздігін шешу туралы Үкіметке де әрбір қазақстандықтарға үндеу жасап, тиянақты тапсырмасын берді. Бүгінгі күні Оңтүстік облыстарда көктемгі дала жұмыстары жүріп жатыр», – деді Қазақстан фермерлері қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули ДАЙРАБАЕВ.
«Мемлекет басшысы көктемгі дала егістік науқанын жүргізуге қолдаудың қажет екенін естен шығармады. Шағын және орта фермерлерді қолдауға назар аударды. Қосымша бөлінген қаражаттар аграрларға жұмыстарды дер кезінде және сапалы жүргізуге мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді «Астана агроөнім» ЖШС директоры Cерік РАХИМБАЕВ.
Ауылға танытылған қамқорлық – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету кепілі дейді, шаруалар. Ал, халықтың қазіргі жағдайда тамағы тоқ болуы ауылдағы ағайынның да қолында десек, артық айтпаған болармыз дейді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы