«Өнеркәсіпті дамыту – өркениеттің негізі». Осылай деп пікір білдірген қоғам белсенділері Мемлекет басшысының Жолдауда жеткізген жаңа экономикалық саясатын қолдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында «жоғары технологиялық бәсекеге қабілетті өнеркәсіпті қалыптастыру – маңызды міндет» деді. Сондай-ақ Президент ел экономикасының жаңа бағытын қалыптастырып, отандық өнеркәсіп салаларын әртараптандыруды тапсырды.
– Кез келген мемлекет болашағы экономиканың дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы алғашқы кезеңде экономиканың жаңа бағытын, жаңа парадигмасын қалыптастыруды тапсырды. Өнеркәсіпсіз экономика дамуы мүмкін емес. Ал өнеркәсіпті дамыту үшін бизнесті қолдау керек. Бұл – өзекті мәселе, – деді Абай атындағы ҚазҰПУ КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы Гүлмира Исимбаева.
Елдегі кәсіпті қолдап, шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Мемлекет басшысы банктерде триллиондаған теңге іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауында мемлекеттік сатып алуды жеңілдету туралы бірқатар тапсырма берді. Ол – отандық өндірісті дамытып, кәсібін дөңгелетеміз дегендер үшін маңызды процестің бірі, – деді кәсіпкер Сана Жандай.
Сондай-ақ қоғам белсенділері ел Президентінің креативті экономикаға ерекше назар аударғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда экономиканың бұл түрі әлі дамымағанын тілге тиек етіп, ішкі өнімге қосатын үлесі 1 пайызға да жетпейтінін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы әр облыста креативті индустрия орталығын құруды міндеттеді.
– Әлем бойынша креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Президент Жолдауында ел экономикасындағы жасанды интеллект пен озық технологияның өте аз екенін айтты. Сондықтан креативті экономиканы дамту үшін барлық жағдай жасауымыз керек, – деді Кәріс ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Георгий Кан.
Айта кетейік, Президент Үкіметке экономикалық өсімді 6-7 пайызға арттыруды тапсырды. 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемі 450 млрд долларға жету керек.
Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ресейдегі экономикалық ахуал Қазақстанға қалай әсер етеді