Алматыда көпшілікке арналған алаң ашылды. Алатау ауданында салынған демалыс орны жұрттың серуен құратын сүйікті жеріне айналып та үлгерген. Себебі онда балаларды ойнатып қана қоймай, дене шынықтыруға да болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданы жұртына жауыр болған мәселенің бірі – жол. Биыл 10-нан астам көшесі жөнделіп жатқан тұрғындар инфрақұрылымға қатысты түйткілдің шешімін 7 жыл күткенін айтты. Олар кей аумақта кәріз желісі болмағанын жеткізді.
– Жеті жыл бұрын жауапсыз мердігер келіп, жерді қазып, жұмысын аяқсыз қалдырып кетті. Қала әкімі мәселені назарына алып, ретке келтіріп жатыр. Кәріз бен су желісіне қосып, жолға асфальт төсеп жатыр, – деді қала тұрғыны Екатерина Толокова.
Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, барлық тапсырма жоспарға сай орындалып келеді. Жұмыс маусымда басталған, жақында аяқталады.
– Қазір 10 көшеде кәріз, су желісін жүргізу, асфальт төсеу жұмысы жүріп жатыр. Үлкен күре жолдар қалды. Жұмыстың 80 пайызы бітті, қарашаның соңына дейін толық аяқталады, – деді мердігер ұйым өкілі Виктор Хисамутдинов.
Әкімдік өкілінің айтуынша, бүгінде мұндай жұмыстар Алатау ауданының басқа да жерінде іске асуда. Биыл шамамен 60-тан аса көшеге орташа жөндеу жасалып, асфальт төселеді.
– Су және кәріз жүргізгеннен кейін жол бұзылады. Көп жерде жол қалпына келтірілді. Алатау ауданы бойынша 14 аумақта, Қарасу, Шапағат, Томирис, Алғабас шағынауданында жол жөнделіп жатыр. Шаңырақ-1 және Алғабаста жаңа жол құрылысы жүріп жатыр, – деді Алатау ауданы Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қуатбек Мақашев.
Алатауда инфрақұрылым желісін жүргізумен қатар, аулаларды абаттандыру жоспары да орындалуда.
Алматыда жақында алаң ашылды. Ақбұлақ пен Дарабоз шағынауданының ортасынан орын тапқан алаңның жалпы аумағы 6 мың шаршы метр. Халық сұрауымен салынған саябақта футбол, баскетбол, сондай-ақ балалар ойын алаңы бар.
Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматылықтар арасында генетикалық зерттеулердің қай түрі сұранысқа ие