Ұлттық қор – балаларға: балалардың шотына қанша ақша түседі

Almaty.tv
Almaty.tv
Ата-аналар ешқандай құжат жинамайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Кәмелетке толмаған балалардың арнайы шотына қор табысының елу пайызы ақпан айында түсе бастайды. Алдын ала мәлімет бойынша, жоба алғашқы жылдың өзінде 7 миллионнан астам жеткіншекті қамтымақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1 ақпаннан бастап 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды. Кәмелетке толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға немесе білім алуға, оның ішінде шетелде оқуға жұмсай алады. Бірақ баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы керек. Ақжолтай жаңалыққа қуанған қауымды алдымен әр баланың еншісіне шамамен қанша көлемде қаражат түсетіні қызықтырды. Ұлттық қордың қазіргі ахуалын, ондағы инвестициялық табыстың 50 пайыз көлемін ескеріп есептегенде, жүйеге туғаннан бастап қатысатын балаларға 18 жылда шамамен 3 мыңнан 4 мың долларға дейін төлем түседі. Бүгінгі бағаммен теңгеге шаққанда 1,5 млн теңгеге жуық қаржы жиналады.

– «Ұлттық қор балаларға» жобасы артықшылығы көп бағдарлама деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл еліміздің халықаралық аренадағы орнын да айшықтай түсуге әсер етуі мүмкін. Себебі өскелең ұрпақтың қамын ойлайтын Үкімет шетелдік инвесторлар үшін маңызды. Көп мемлекетте балалар үшін қызмет ететін «Ұлттық» қор жоқ, – деді экономист Азат Арупов.

Айта кетейік, ата-аналар ешқандай құжат жинамайды, өйткені процесс тұтас автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, тиісті интеграциялық жұмыс жүргізіп отырады. Ата-ана БЖЗҚ немесе eGov.kz порталынан баласының мәліметі дұрыс көрсетілген бе, жоқ па, соны тексергені жөн.

– Ата-аналар кәмелетке толмаған балалардың ЖСН eGov.kz порталынан тексеру керек. Жоба мемлекеттік органдардың деректер базасынан алынған мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылатын болады, – деді «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов

Сондай-ақ, бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражаты 10 жыл сақталады. Осы уақыт ішінде жиналған сома қажет болмаған жағдайда сол адамның зейнетақы жинағына аударылады. Биыл 18 жасқа толатын балалар 1 ақпаннан бастап шотына түскен қаржыны пайдалана беруіне болады. Ал ата-аналар БЖЗҚ порталына кіріп, қаражаттың түскенін тексере алады. Одан бөлек, айта кететін маңызды жайт, бала қайтыс болған жағдайда, ұлттық қор төлем аударуды тоқтатып, мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ал заңды тұлға баладан қалған ақшаны  қалауынша пайдалана алады.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жаңа жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қаншаға өсетіні белгілі болды

Новости партнеров