Алматыдағы индустриалды аймақта 10 жоба іске қосылады

Almaty.tv
Almaty.tv
1500-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы индустриалды аймақта биыл 10 жоба іске қосылады. Тиісінше, 1500-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл карантин уақытында тұралап қалған шаһар экономикасына оң әсер етеді деп күтілуде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ, онда шағын кәсіпкерлер үшін өндіріс алаңдарының да құрылысы биыл басталмақ.

Карантин уақытында мұнда тек төрт кәсіпорын жұмыс істеген болатын. Олар азық-түлік пен дәрі-дәрмек өндіруші компаниялар. Ал, бүгінде көпшілігі санитарлық нормаларды қатаң сақтап қайта ашылып жатыр. Соның ішінде осы жылы іске қосылатын мекемелердің құрылысы да біртіндеп салынып жатыр.

«Мына соғылып жатқан зауытта құрылысқа қажетті материалдар шығаруды көздеп отырмыз. Аумағы 5 гектар жер. Шамамен 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Өзімізде өндірілген материалды пайдалану бізге тиімді және жаңа жұмыс орындары ашылады», – деді кәсіпорын басшысы Виталий БЕЛЯЕВ.

Қазіргі уақытта мұнда жұмыс істеп жатқан 12 кәсіпорында 1500 адам қызмет етуде. Одан өзге мұнда шағын кәсіпкерлер үшін әрқайсысы 5 мың шаршы метрден 4 бірдей өндіріс алаңының құрылысы басталмақ. Онда кез келген шағын кәсіпкер дайын ғимараттарды төмен бағамен жалға ала алады. Және жалға алушыға қалалық әкімдік тарапынан несие беру және лизингке техника мен құрал-жабдық алу кезінде жеңілдіктер де қарастырылған.  

«Мұндай шағын өндіріс алаңдарын ашудағы басты мақсат – шағын кәсіпкерлікті алға жылжыту және отандық өндірушілерді қолдау. Қазіргі уақытта өндіріс алаңдарын салатын инвесторлармен келіссөздер аяқталды. Өндіріс орындарының жалға алу құны нарықтағы бағадан арзан», – деді индустриалды аймақ директорының міндетін атқарушы Азамат БАЙГУБЕСОВ.

Сондай-ақ, индустриалды аймақтың өзінің темір жол тұйығы бар. Өздеріңіз көріп тұрғандай алғашқы вагон да келген екен. Алайда бұл темір жол әлі қолданысқа берілген жоқ. Биыл ашылады деп жоспарлануда. Егер бұл темір жол қолданысқа берілетін болса, мұндағы кәсіпорындар өзіне қажетті шикізат пен құрылыс материалдарын жеткізе алады және дайын өнімді  Қазақстанның барлық аумағына және алыс-жақын шет елдерге жөнелте алады.

Арнат Дүйсен, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров