Биыл мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін автоматтандыру жүзеге асады
Елімізде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атыраулық кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова 8 жылдан бері азық-түлік бизнесімен айналысып келеді. Оның айтуынша, мораторий көптеген мүмкіндікті бергенімен, кәсіпкерлердің төлейтін шығыны азаймаған. Саудагер енді негізсіз тексерулер көбейе ме деп алаңдайды. Мәселенің шешімі ретінде ол арнайы заңның қабылдануын ұсынды. Өйткені салада біршама шикілік бар көрінеді.
– Мораторийдің көмегі – жүйе жаңаланған сайын кәсіпкерлер ақы төлеп отырдық. Сканерден өткізу деген аппарат шықты да, жоқ болды. Әр жаңашылдық келесі жылы жүзеге аспай қалады. Сол кезде кәсіпкерлер, заң өзгерсе, сатып аламыз. Мемлекеттік 3 пайызды төлемесек те банктік шығын көбейді, – деді жеке кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова.
Жалпы бизнесті тексеруге мораторий 2020 жылы 1 қаңтарда жарияланған. Арадағы 4 жылда шағын және орта кәсіп иелерін негізсіз тексеруге тыйым салынып еді. Енді оларға жасалған жеңілдік аяқталып, керісінше, қадағалау басталды. Жауапты орган «қорқуға негіз жоқ, бақылау деген сөз – кәсіпкерлер тексеруден көз ашпайды дегенді білдірмейді» дейді. Бастысы, әрбір азамат өз міндетін білсе болды. Ал мораторий бітті екен деп, кез келген уақытта баса-көктеп кіруге ешкімнің құқығы жоқ. Тексеруге келген күннің өзінде арнайы тағайындау актісі болуы керек дейді мамандар.
– Тексеріс бірден болмайды. Қазіргі таңда камералық бақылаудан кейін хабарлама шығады. Оны орындамаған жағдайда біртіндеп тексеріс тағайындалады. Егер тексеріс тұтынушылардан болған арыз-шағым ретінде болса, өз еркімен жою жөнінде хабарлама жолданып, кейін тексеріс басталады, – деді Мемлекеттік кірістер департаменті камералық мониторинг басқармасының бөлім басшысы Серіккерей Қуанов.
Айта кетейік, биыл мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін автоматтандыру жүзеге асады. Соның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есеге азайып, құқық қорғау органдарының назары тек проблемалы субьектілерге аударылмақ.
Оқи отырыңыз: Мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерінің тізімі өзгерді ме