Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы Орталық Азияға ғана емес, Еуропаға да экономика жағынан оң әсерін тигізуде. Оған биыл тура 10 жыл толған «Бір белдеу – бір жол» жобасы дәлел, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қытайдағы Сучжоу қаласында 10 миллионнан астам халқы тұрады. Дәл осы алып шаһарда туристік және қалалық автобустар құрастырылады. Жылына өндірістен 25 мыңдай үлкен-кіші көп орынды көлік шығады. Дерекке сүйенсек, мұнда жасалған автомобильдер әлемнің 130 елінде, соның ішінде Қазақстанға да сатылады екен.
– Компания Қазақстанмен 2007 жылдан бері байланыста. Осы аралықта елдегі тұтынушыларға 800-ден астам автобус саттық. Біздің зауыттан туристік және қоғамдық автобустар шығарылады. Қазір ұзындығы 18 метр көлік құрастырып жатырмыз. Келесі жылы дәл осы автобустар Астана қаласына жолаушы тасиды деген жоспар бар, – деді компанияның сыртқы сауда бойынша бас директоры Гари Янг.
Елімізге Қытайдан келетін тауардың 80 пайызы Ляньюньган қаласында іріктеледі. Логистикалық терминал 2014 жылы ашылған. Аз уақытта теңіз бен өзен-көл, порттар мен халықаралық пойыз жолдарындағы байланыстың дамуына айтарлықтай септігі тиген. Бүгінде мұнда Орта Азия, Еуропа мен Ресей арқылы өтетін 6 бағыт бар. 100-ден астам халықаралық жүк тасымалдау стансасын қамтиды екен.
– Қазақ-қытай көлік-логистикалық терминалы – «Бір белдеу - бір жол» жобасының ең бірінші бастамасы. Орта Азияға күніне осы жерден 2 құрам аттанады. Көбіне электр жабдықтар, түрлі техникалар экспортталады. Ал Орта Азиядан Қытайға бидай, қорғасын мен темір қорытпалары, тыңайтқыштар импортталады, – деді Қазақстан-Қытай көлік-логистикалық терминалының бас директоры Цзуо Сюэмэй.
Экономикалық нәтижелі серіктестіктің тағы бір айғағы – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының логистикалық алаңы. Оның негізгі функциясы «Бір белдеу – бір жол» жобасына қатысты аймақтарды қамту.
Айта кетсек, ынтымақтастықты арттыруға Қазақстан да ниетті. Еліміз болашақта Қытайға көмір экспорттауы мүмкін.
Оразай Нұртайұлы, Дияс Махамбетов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы, ҚХР
Оқи отырыңыз: ҚР Президентінің Германияға ресми сапары басталды