Алматы облысында «Қаскелең» қосалқы стансасы іске қосылды

Алматы облысында «Қаскелең» қосалқы стансасы іске қосылды
Ірі энергия нысаны облыстағы 3 ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында іске қосылған «Қаскелең» қосалқы стансасы бірнеше ауданның біраз жылдан бері жыр болып келе жатқан жарық мәселесін шешетін болады. Нысанды «Самұрық-Қазына» еншілес құрылымдары Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп салған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Энергия обьектісінің ашылуына «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы қатысты.

Бұл – Алматы облысында жарық мәселесін айтып шыр-пыр болған халықтың жанайқайы. Енді бұл мәселе де өз шешімін тапты. Алматы облысының Батан ауылында салынған «Қаскелең» қосалқы стансасы осының айғағы. Ірі энергия нысаны облыстағы 3 ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жамбыл, Талғар, Қарасай аудандарына тарайды. Құрылыс «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Алматы облысы әкімдігінің және Алатау Жарық Компаниясының қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Нысанның құны 4,73 млрд. теңге.

«Осы салада Қазақстан бойынша өте үлкен жұмыстар іске асырылып жатыр. Сол сияқты Шардардағы станцияға да үлкен модернизация жасалып жатыр. Қуаты бірден 26 пайызға өсейін деп тұр. Сондықтан құрылысшыларға рақмет, ал сіздерге осы қосалқы стансасы жақсылап осының қызығын осы жердегі тұрғындар көріңіздер», – деді «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан ЕСІМОВ.

Бүгінде 2 млн тұрғыны бар Алматының энергия саласына бір жылда бюджеттен 10 млрд теңге бөлінеді. Осы қарқынмен біраз тұрғынның мәселесі шешіліп келеді дейді басшылар. Ал, бұл стансаның ерекшелігі - заман талабына сай құралдармен жабдықталған. Қондырғының көп бөлігі - Италиядан әкелініпті. Обьектінің Қаскелеңде салынуы да тегін емес. Себебі  - қаладағы өндіріс ошақтарының көп бөлігі осында орналасқан.

«Бұл қосалқы станция бізге ауадай қажет. Алматы облысында 20 аудан бар. 20 ауданның 3-еуі үлкен аудандар. Ол – Қаскелең, Талғар, Іле ауданы. Мына жағында Жамбыл ауданы жатыр. Өндісітің 70 пайыздайы осы үш ауданда орналасқан», – деді Алматы облысының әкімі Амандық БАТТАЛОВ.

Ірі энергия станциясының әр транформаторы 125 мегавольт амперден тұрады. Жалпы қуаты - 250 мега волть ампер. Алдағы уақытта мұндай ірі нысан облыстағы басқа да аудандарға салынады.

«Негізгі желі бұған Алматы-2 вокзалынан келеді. Оның қашықтығы 102 шақырым. Одан кейін қазір облыстық әкімдікпен үлкен жұмыс жасадық. Көкөзек қосалқы станциясы, яғни, Шамалған жақта орналасқан. Бүткіл нысан сонда салынған. Өйткені техникалық жағдайды Қаскелеңнен алайын десек, арақашықтық өте үлкен. Сондықтан Көкөзек қосалқы станциясы салынады», – деді «Алатау жарық» АҚ басқарма төрағасы Мұхит ҮМБЕТОВ.

Бүгінгі таңда қосалқы станция 6000-нан астам жеке және 400-ден астам заңды тұлғаларға қызмет көрсете бастады. 2030 жылға дейін оның санын бірнеше есе арттыру қажет. Жеке тұлғалардың санын 50 мыңға, 4 мыңнан астам заңды тұлғаға қызмет ету жоспарланып отыр.

Ұлағат Арғынұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров