Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау шаралары қайта қаралды. Үкімет «Бизнестің жол картасы» мен «Қарапайым заттар экономикасын» біріктіріп, жаңа кешенді бағдарлама қабылдады. Ол бойынша енді мемлекет тарапынан берілетін қаржылай қолдауды алдымен, өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар иеленеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа қолдау шарасында бизнес субъектілеріне 1 млрд теңгеден асатын несие сомаларына нарықтық шарттар бойынша кепілдік алу мүмкіндігі берілді. Мұнымен қоса, қызмет көрсету саласындағы жобаларды субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылды. Бастама кезең-кезеңімен іске асады.
– Бағдарламада қарастырылып отырған тағы бір бағыт – синдикатталған несиелеу. Бұл бір мезгілде бірнеше банк арқылы 15 млрд теңгеге дейін ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді. Ұзақ мерзімге арзан несие деп аталады. Бұл бізде бұрын-соңды болмаған, – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті басқармасының басшысы Надежда Хен
Министрлік мәліметіне сүйенсек, соңғы жарты жылда жаңартылған бағдарлама аясында 14 мың бизнес жобаға қолдау көрсетілген. Субсидиялау бойынша 566 млрд теңгеге 8 мың 624 жоба мақұлданған. Ал кепілдік беру бойынша құны 178,9 млрд теңгеге тең 5 мың 381 бастама іске асуға жолдама алды. Істің көзін тауып, кәсіп ашуға ниеттілерге Үкімет тағы да қол ұшын созады. Жуық арада өндірістің технологиялық күрделілігіне қарай мемлекеттік қолдаудың тағы бір тетігін енгізу пысықталып жатыр.
– Инвестициялық басым жобалар шеңберінде жаңа өндірістер құру кезінде коопоративтік табыс салығын және жер салығын 10 жылға, мүлік салығын 8 жылға төлеуден босату мүмкіндігі көзделген. Тағы да жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңарту кезінде табыс салығын төлеуден 3 жылға босату көзделген, – деді «Kazakh invest» ҰК АҚ «Бір терезе» тобының жетекшісі Ғазиза Әбдінәбиева.
Елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау – мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Президент пәрменін «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығы іске асырып келеді. Маңызды құжаттың мақсаты – бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту. Бизнес шығындарын азайтуға арналып отыр. Министрлік ақпарынша, биыл Қазақстанда құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 жоба іске қосылмақ.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Қызылорда облысында егін жинау науқаны басталды