Өндіріс, туризм, экспорттық жобалар мен креативті индустрия. «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы биыл 40-қа жуық бизнес-жоспарды қаржыландырған. Инвестиция тарту мен дайын жобаны қаржылай қолдаудан бастап, «бірыңғай сатып алу терезесін» жүзеге асыратын ұйым қызметі барысында 30 млрд теңгеге жуық сомаға 600-дей бастаманы қолдаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһардың кәсіпкерлік саласында жүзеге асырылып жатқан жаңа жоба көп. Сондай сәтті бизнестің бірі – матрас шығаратын зауыт. Отандық өнімді қолдау ниетімен өндіріс ошағын аштық деген кәсіпкер қазір 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. 12 түрлі матрас пен 5 түрлі жастық жасайтын жұмысшылар айына 10 мыңға жуық өнім шығарады. 4 жылдан бері нарыққа тауарларын ұсынып келе жатқан кәсіпорынды алғашында бизнесті қолдауға бағытталған бағдарлама қаржыландырған.
– 2020 жылы қазанда инвестициялық жоба аясында 298 млн теңге көлемінде несие алдық. Бізге 7 жылға дейін 6 пайыздық жеңілдетілген несие берілді. Құрылғылар алу үшін 70 миллион теңге бөлінді, – деді кәсіпорын өкілі Абдулхалил Оралбаев.
Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарлама арқылы азаматтар жылдық мөлшерлемесі 2 және 6 пайыздық несие ала алады. 2 пайыз – көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың, 1 және 2-топ мүгедектерінің, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың және шағын өнеркәсіп парктер резиденттерінің жобалары үшін берілсе, 6 пайыздық мөлшерлеме кәсібін жаңадан бастаушылар мен жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері үшін мүмкін болмақ.
– Бағдарламаның басты қаржыландыру мақсаты – туризм, өндіріс, өңдеу, инновация және экспорттық жобаларды қолдау, креативті индустрия, әлеуметтік саладағы жобалар, яғни мектеп салу, балабақша, спорт нысандары салуға жеңілдетілген несиелер беру, – деді «Almaty finance» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.
Кәсіпкерліктің арқасында бүгінде Алматы ел экономикасының шамамен бестен бір бөлігін, бюджеттің төрттің бір кірісін қамтып отыр. Ал өңірлік экономиканың қазір 47,5 пайызын қалыптастыруға шағын және орта бизнестің өзі қауқарлы. Шаһарда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жобалар да аз емес. «Almaty Business – 2025» кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасы. Ол бизнес саласына қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетуге бағытталған. Оның аясында жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын 500 млн теңгеге дейінгі сомада жеңілдетілген несие беріледі. Соңғы бес жылдың ішінде бағдарлама шеңберінде сомасы 27,5 млрд теңгені құрайтын 508 жоба қаржыландырылып, 3 мың 600 жұмыс орны құрылған.
Гүлмарал Изатқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда жыл сайынғы жылу желілерін сынау өткізіледі