Алматыдағы ірі өндіріс орындары карантин жағдайында қалыпты жұмыс жасауда

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауыр машина жасау зауыты – тәуелсіз кәсіпорын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы ауыр машина жасау зауыты күрделі экономикалық ахуал жағдайында өндіріс көлемін қысқартқан жоқ. Карантин кезінде ірі өндіріс орнының басшылығы барлық міндеттемелер мен өндіріс көлемін тоқтатпауға, қысқартпауға тырысуда. Мұндағы қызметкерлер қауіпсіздік шараларын қаншалықты ұстанып жүр? Мекеменің карантин жағдайында қалай жұмыс істеп жатқанын Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке біліп қайтты.  

Ауыр машина жасау зауытында 15 жыл бойына жұмыс істеп келе жатқан Ермек Қашқынбайұлы карантинге қарамастан, жұмыстың жалғасып жатқанын айтады. Өндіріс орнының мамандары сақтық шараларын сақтай отырып, жұмыстарын жалғастырып жатыр.  

«Жұмыс уақытында әр цехқа кіреберісте залалсыздандыру сұйықтықтары құйылған. Қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде инструктаж жүргізіледі. Карантинге қарамастан, жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Елімізге, қоғамға қызметімізді жалғастырудамыз», – деді «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ сапа бақылау қызметінің басшысы Ермек Төлемісов.

Зауытқа кіреберісте залалсыздандыру кабиналары жұмыс істейді, келушілерге бетперде таратылады. Қызметкерлердің дене қызуы тексеріліп, журналға жазылады.

«Біздің зауыттың жетекшілері қауіпсіздік шараларын ескеріп, жұмысшылардың жұмыс істеуіне ыңғайлы болу үшін барлық жағдайды жасап қойды. Санитайзерлер орнатылған, әр цехтың басшысы таңертең жұмысқа кіріспей тұрып, бәрін тексеріп шығады», – деді «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ құйма цехының бастығы Талғат Ойранбаев.

Ауыр машина жасау зауыты – тәуелсіз кәсіпорын. Шикізаттан бастап дайын өнімге дейін, барлық өндірістің сатылары осы зауыттың өзінде жүргізіледі. Ірі өндіріс орны жақын шетелмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Зауытта айына 200 млн теңгеден астам өнім шығарылады.

«Біздің өнімді тұтынушылар негізінен қазақстандық мұнай компаниялары – «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазхром» компаниясы, Алматы электр станциялары. Сонымен қатар, біз жақын шетелмен жұмыс істейміз. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Белоруссиямен жұмыс жасаймыз», – деді «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ сапа бақылау қызметінің басшысы Ермек Төлемісов.

«Мұнай шығару өнімдерінің бөлшектерін шығарамыз. Редукторлар, двигательдер. Карантинге қатты көңіл бөлсе де, қалай жұмыс жасадық, сол өнімді орындап жатырмыз», – деді  «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ цех басшысы Жанат Тәліпов.

Алматыдағы ауыр машинау жасау зауыты 1941 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда бүгінгі таңда 600-дей адам еңбек етеді. Бұл зауыт еліміздегі мұнай өндіретін тербелмелі қондырғыны ең алғаш игеріп, жасап шығарған бірден-бір зауыт.

Сондай-ақ, зауыт басшылығы техникалық жоғарғы оқу орындарынан жас мамандар тартумен де белсене айналысып жатыр.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров