Алматы облысы мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 10 пайызға артты

Almaty.tv
Almaty.tv

Кездесу Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толуына орай ұйымдастырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы мен Тәжікстан Республикасының Хатлон облысы арасындағы достық және стратегиялық серіктестік жаңа кезеңге қадам басты. Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Давлатали Саид бастаған Хатлон облысы делегациясымен кездесті. Онда тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, өңіраралық әріптестікті дамыту барысын талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 33 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Осы уақыт ішінде екі ел арасында үкіметаралық және өңіраралық байланыс жүйелі түрде дамыды. Қазақстан Тәжікстанға астық пен мұнай өнімдерін экспорттайды. Ал Тәжікстан Қазақстан нарығын тоқыма және алюминий өнеркәсібінің өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Алматы облысы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы тауар айналымының да тұрақты өсімі байқалады. Былтыр екі тарап арасындағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 60 миллион АҚШ долларын құрады. Бүгінде Алматы облысында тәжік капиталының қатысуымен құрылған 7 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал республика бойынша мұндай кәсіпорындардың саны 334-ке жетеді.

Кездесу барысында аймақ басшысы Алматы облысы мен Хатлон облысы арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар биылғы сәуір айында екі ел басшылары одақтастық қарым-қатынасты нығайтуға қатысты құжатқа қол қойғанын және бұл
ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Халықтарымыздың мәдени және рухани жақындығы тарихтың терең тамырымен ұштасады. Бауырластық пен бейбітшілікке негізделген осы құндылықтар бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Тәжікстан – Алматы облысы үшін маңызды әрі сенімді серіктес. Біз бауырлас елдің қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалаймыз. Бүгінде Тәжікстан тұрақты экономикалық өсім көрсетіп, ауқымды инфрақұрылым және энергетикалық жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Алматы облысы – қуатты аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетке, дамыған көлік-логистикалық мүмкіндіктерге ие өңір. Облыс шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасымен шектеседі. Біз бай мәдени мұрасы мен дәстүрі бар өңір ретінде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым ашықпыз. Екі өңірдің достыққа негізделген қарым-қатынасының бағыты айқын. Олар – экономиканы әртараптандыру, нарықты кеңейту, жаңа технологияларға қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ гуманитарлық және білім беру салаларындағы байланысты нығайту. Мұның барлығы Алматы облысы мен Тәжікстан халқы үшін нақты нәтижелер беретін ұзақ мерзімді әріптестіктің берік негізін қалыптастырады», – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да маңызы зор екенін айтты. Қазіргі таңда Алматы облысында тәжік этносының 1 525 өкілі тұрады. Облыс аумағында екі тәжік этномәдени бірлестігі тіркелген.

Оқи отырыңыз: