Алматыда кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау көлемі артты

09.11.2026 15:29

Шаһарда  өндірілген тауар көлемі шамамен 2 триллион теңгеге жетті

Almaty.tv

Алматының өнеркәсіптік өндірісі жыл басынан бері 22 пайызға өсіп, өндірілген тауар көлемі шамамен 2 триллион теңгеге жетті. Бұл ретте өңірлер бойынша өңдеу өнеркәсібінің үлесі басым. Зауыттардың дамуына инвестициядан бөлек «Даму» қоры арқылы көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау да зор әсер етуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жеңілдетілген несие, қарыз бойынша кепілдіктер және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау – «Даму» қорының негізгі үш бағыты. Мәселен, «Өрлеу» бағдарламасы арқылы жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейін қаржы алуға мүмкіндік бар. Шағын және орта бизнес үшін 7 миллион теңгеге дейін қаражат беріледі. Тіпті кепіл мүлкі жеткіліксіз болса да, қосымша құралдар арқылы көмек көрсетіледі.

«2026 жылдың басынан бері 235 жобаға жеңілдетілген несие бойынша жалпы сомасы 55 миллиард теңге бөлінді. Ал кепілді кредит аясында 669 жобаға 220 миллиард теңге берілді. Басты мақсатымыз – қаржыландыруды қолжетімді жасап, кәсіпкерлердің жұмыс көлемін арттыруға жағдай жасау», – деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалы директорының орынбасары Еркебұлан Молдамырза.

Бұл қолдаудың нақты нәтижесін өлшеуіш құрылғыларын шығаратын кәсіпорын мысалынан көруге болады. Компания өндірістік қуатын арттырып келеді.

«Келесі жылы өндіріс аумағын 21 мың шаршы метрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Жаңа бір бағытымыз – робототехниканы білім, қызмет көрсету және өндіріс салаларында адамға көмекші ретінде пайдалану», – деді компания жетекшісі Ерлан Нәбиев.

Алматыдағы тағы бір озық кәсіпорын – орама мен жапсырма шығаратын өндіріс.

«Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында шағын баспаханадан 10 жылдың ішінде бүкіл Қазақстанды өніммен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорынға айналдық», – деді компания құрылтайшысы Ерік Еркінов.

Сонымен қатар импортты алмастыруға бағытталған медициналық құрылғылар мен жиһаздар шығаратын отандық кәсіпорындарға да ерекше көңіл бөлінуде.

«Үш жыл бұрын «Даму» қорынан алған 140 миллион теңге қаржының 40 миллионын құрал-жабдыққа, қалғанын шикізат алуға жұмсадық. Бұл бизнесіміздің қарқынды дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен серпін берді», – деді компания жетекшісі Ерлан Имбергенов.

Мамандардың айтуынша, бизнесті қолдау қаланың өндірістік әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтады. Түптеп келгенде, бұл ел экономикасының дамуына қосымша күш береді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жалақы салықтарын есептейтін жаңа сервис іске қосылады

Толық көрсету