Референдумға дейін:
6
күн
20
сағат
54
минут

Базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалды - Тимур Сүлейменов

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің пайымынша, оны төмендетуге жеткілікті негіз әлі қалыптаспаған. Ол Үкіметпен бірлесіп инфляцияны төмендететін жоспар әзірлеп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сөзінше, Ұлттық банк тарифтер мен жанар-жағармай бағасын ұстап, бюджетті дұрыс басқаруды көздеп отыр. Мақсат – инфляцияны бір таңбалы пайызға түсіру. Егер болжам іске асып, инфляция тұрақты түрде баяуласа, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдың екінші жартысында төмендету мүмкіндігін қарастырмақ.

«2027 жылға арналған инфляция болжамы өзгеріссіз қалды. Ол 5,5–7,5 пайыз деңгейіне дейін баяулайды деп күтіледі. Болжам кезеңінде инфляцияның біртіндеп төмендеуіне қатаң ақша-кредит саясаты, салық-бюджет консолидациясы және Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен шаралары ықпал етеді. Экономиканы қолдау бағдарламалары тиімді іске асып, отандық өндірістік әлеует кеңейген жағдайда, 2028 жылдың соңына қарай инфляция 5 пайыздық мақсатты деңгейіне жақындайды», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк төрағасы валюта бағамына қатысты да болжам жасады. Ол теңге курсы Таяу Шығыстағы ахуал мен қара алтын бағасына тәуелді екенін ашық айтты. Сөзінше, әлемдік нарықта күтпеген жағдайлар болмаса, экспорттық түсімнің артуы теңге бағамын тұрақтандыруға қауқарлы.

«Бұл ретте, ел қазынасы мен Ұлттық қорға түсетін қаржы экспортқа шығатын негізгі шикізат мұнай бағасына байланысты екенін бәрі білетін шығар. Экспорттан түсетін түсімнің 50 пайыздан астамы және Ұлттық қор мен бюджетке түсетін қаржының 30 пайызы мұнай есебінен қалыптасады. Мұнай қымбаттаған сайын, бюджетке түсетін түсім де артады. Түсім көбейген сайын, нарықтағы валюта ұсынысы да артады. Яғни, теңге бағамы тұрақтана түседі», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.

Оқи отырыңыз: Жеңілдетілген салық режимін таңдап үлгермеген кәсіпкерлер не істеуі керек

 

 

 

 

 

Новости партнеров