Сауда министрі елдің сыртқы сауда айналымы 116 миллиард долларға жеткенін айтты
Биыл Қазақстанда сауда 8,2 пайызға өскен. Ал ішкі сауда айналымы 13 проценттен асып, 61 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы ведомство басшысы Арман Шаққалиев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сауда министрі елдің сыртқы сауда айналымы 116 миллиард долларға жеткенін айтты. Соңғы кездері отандастарымыз электрондық саудаға қызыға бастаған.
"Электрондық сауда 5 есеге артып, 2 триллион теңгеге жетті. Интернет сауданың үлесі 14 пайызды құрады. Жыл бойы министрлік кешенді шараларды іске асырды. Соның арқасында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың индексі небары 1 пайызға ұлғайды", – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
2024 жылы тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемі 10 пайызға өсіп, 32 миллиард долларға жеткен. Министр өнімдердің қауіптілігі мен сапасына қатысты тұрақты жұмыс жүргізіп жатырұанын атап өтті. Барлық бақылаушы мемлекеттік органдардың қатысуымен ахуалдық штаб жұмыс істейді. Бір жыл ішінде аталған штаб 600 тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін тексерген. Арман Шаққалиев келесі жылы да бұл салада жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
"2025 жылы министрліктің алдында сауданы қорғау, заманауи форматтарды кеңейту, сауда алаңдарын цифрландыру және жаңғырту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ электрондық коммерцияны дамыту міндеті тұр. Бұл шаралар отандық сауданың позицияларын нығайтып, қазіргі заманғы әлемдік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге көмектеседі", – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Оқи отырыңыз: Алматы - жастар қаласы: биыл 18 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды