Елімізде шағын және орта бизнестің үлесі жалпы ішкі өнімнің 39 пайызын құрап отыр
2029 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 450 миллиард долларға жетуі мүмкін. Бұл – мемлекет басшысы қойған нақты мақсаттардың бірі. Үкімет аталған межеге қол жеткізу үшін экономиканың нақты секторларына басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 450 миллиард долларға жеткізу жөніндегі тапсырмасына қатысты пікір білдірді. Сөзінше, былтыр бұл көрсеткіш 286 миллиард долларды құраған. Биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізу жоспарда бар. Үкімет экономиканы әртараптандыру үшін бірқатар нақты қадамдарды іске асыруға кіріскен. Соның ішінде жаңа өндірістер ашу және инвестиция тарту – басты басымдықтардың бірі. «Жүйелі жұмыс жүргізсек, бұл межеге жету қолымыздан келеді»деді Олжас Бектенов.
«Бұл үшін қазір елдің өндірістік әлеуетін арттыру, экономиканы әртараптандыру, қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни өнімнің көп бөлігі, шетелден түсетін валюталық табыс ел ішінде қалуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мысалы «Бәйтерек» холдингі арқылы қосымша 8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Сондай-ақ жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 өнеркәсіптік жоба іске қосылады», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Қазақстан 2029 жылға дейін 150 млрд доллар тікелей инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Үкіметтегі баспасөз конференциясында Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Үкімет жанында Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Бұл құрылым 2023 жылдың желтоқсанында Президент тапсырмасымен қайта ұйымдастырылған. Осы уақытқа дейін штаб 100 миллиард доллардан асатын 180 жобаны қараған.
«Біз инвестициялық келісімдерді стандартты параметрлер бойынша екі аптадан аспайтын мерзімде рәсімдеуді көздеп отырмыз. Бұрын бұл процесс 12 айға дейін созылатын. Сонымен қатар Инвестициялық штаб нақты жағдайды қарап, ұсыныстар әзірлейді және инвесторлар кездесетін әкімшілік және басқа да кедергілерді жою үшін мемлекеттік органдарға тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу туралы тапсырмалар береді. 2029 жылға дейін кемінде 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартуымыз керек. Мен бұл міндетті орындай алатынымызға толық сенемін», – деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасы сөз болды. Үкімет осы мақсатқа жету үшін орта кәсіпкерлікті қолдаудың нақты тетіктерін енгізіп, бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыруды көздеп отыр. Қазір елімізде шағын және орта бизнестің үлесі жалпы ішкі өнімнің 39 пайызын құрап отыр. Оның ішінде шағын бизнестің үлесі – 32, ал орта бизнестің үлесі – 7 пайызды құрапты.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Астана
Оқи отырыңыз: Балалар суға ағып, көз жұмды: Тараздың ортасынан өтетін су каналы неге қоршалмаған