Елімізде азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі 10 пайызға артқан

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандықтар тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды. Соңғы 20 жылда ішіп-жемге кеткен шығындар үлесі шамамен 10 пайызға артқан. Мұны Ұлттық статистика бюросының мұрағаттық базасынан аңғаруға болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онда келтірілген деректерге сүйенсек, 2004 жылы әрбір отбасының тамаққа жұмсаған қаражаты жалақысының 45,7 пайызын құраған. Ал 2020 жылы көрсеткіш 58 пайызға дейін шарықтаса, былтыр 55,4 процентке жеткен. Шығын үлесінің табыстан неғұрлым көп болуы – азаматтардың өмір сүру сапасына әсер етпей қоймайтыны белгілі. Яғни басқа да тұрмысқа қажетті тауарларды тұтынуға, білім алуға, медициналық қызметке жүгінуге, саяхаттауға қалған қаражат жеткіліксіз. Өңірлер бөлінісінде тамаққа ең көп қаражат жұмсайтындар көшін Түркістан облысының тұрғындары бастап тұр. Олардың тұтынушылық шығыны - 62,6 пайыз. Кейінгі орындарды Алматы, Жамбыл мен Жетісу облыстары иеленген. Ал экономикалық тұрғыдан дамыған Астана халқы аталған аймақтарға қарағанда ақшаны аз шығындапты. 20 жыл бұрынғы көрсеткіш те осыған ұқсас. 2004 жылы елордалықтар, Ақмола мен Павлодар облысының тұрғындары азық-түлікке көп қаражат жұмсамаған. Ал Атырау мен Маңғыстау, Алматы облыстарының жұрты тамаққа ақша аямаған көрінеді. Мамандардың айтуынша,  мұндай үрдіске әсер ететін бірнеше фактор бар. Халықтың тығыздығы, азық-түліктің бағасы, азаматтардың сатып алу қабілеті және тағы басқа да көрсеткіштің ұлғаюына немесе керісінше, кемуіне ықпал етеді. Десе де, отандастарымыздың ішіп-жемге ақшаны үнемдемейтінін айта кеткен жөн. Мәселен, соңғы жылдары етті 2 есе көп тұтына бастаған. Балық пен теңіз өнімдеріне, тәтті тағамдарға да сұраныс артқан.

Euromonitor International халықаралық компаниясы елімізді артта қалған 10 мемлекеттің қатарына енгізіпті. 2023 жылы азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі 49,4% болған Қазақстан бұл тізімде 105 елдің ішінде 99-орынды иеленген. Бізден кейінгі орында Африканың ең кедей елдері тұр.

Көршілес мемлекеттерде бұл көрсеткіш біршама жақсы: Өзбекстанда — 46,5, Түрікменстанда — 36,9, Ресейде — 29 пайыз. Ал АҚШ-та тұтынушылық шығындардың тек 6,7%-ы, Сингапурда — 8,4, Ұлыбританияда — 8,7% проценті ғана тамаққа жұмсалады.

Оқи отырыңыз: Елімізде мемлекеттік сатып алу мерзімі қысқартылды

Новости партнеров