Елімізде туризм саласы қалай дамуды

Ботагоз Жокенкызы
Almaty.tv
Almaty.tv

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр салынған инвестициялық капитал мөлшері 20,3 пайызға артқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық туризм – инвесторлар үшін нағыз майшелпекке айналып отыр. Өйткені, соңғы уақытта қалталы азаматтар дәл осы салаға көп қаржы құя бастаған. Есесіне, жақсы табыс табуда. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр салынған инвестициялық капитал мөлшері 947 миллиард теңгеден асып, 20,3 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

 Бұл қаржыға туристер үшін тартымды аймақтарда инфрақұрылымдық нысандар мен демалыс орындары салынуда. Нәтижесінде, қонақ үйлер, мейрамханалар мен басқа да қызмет көрсету сервистері 300 миллиард теңгеге жуық пайда көрген. Бұдан бөлек, ел қазынасына 254 миллиард теңге салық түсіпті.

Аталған салаға тек инвесторлар қаржы құйып жатқан жоқ. Туризмді дамытуға Үкімет те ниетті. Мемлекет саяхатшылар үшін ыңғайлы жағдай жасап, бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды салу және жаңғырту шаруаларына субсидия мен грант секілді қолдау қарастырған.

Жыл санап туристер қатарының артқанын да айта кеткен жөн. Мәселен былтыр елге келген шетелдік саяхатшылар саны 15 миллионнан асыпты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 32,4 пайызға көп. Сырттан келетін қонақтар көшін ең алдымен қытайлықтар бастап тұр. Екінші орында үндістандықтар, кейін Түркия, Германия және Оңтүстік Корея азаматтарының легі көп тіркеліпті. Ал ішкі туристік сапарлар саны 10,5 миллионға жеткен.

Еліміз бойынша ең танымал туристік аймақ – Алматы мен Алматы облысы саналып отыр. Іле Алатау, Шарын шатқалы, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, Көлсай, Қайыңды көлдері мен Түрген сарқырамасы, Ассы үстірті мен Есік көлі  жыл санап жиһанкездердің қызығушылығын арттыруда. Бұдан бөлек, Бурабай курорты мен Түркістандағы тарихи кесенелерге, Алакөл мен Қатонқарағай ұлттық паркіне, Маңғыстаудағы Бозжыра мен Шерқала сынды табиғи ескерткіштерге де сұраныс артқаны байқалады.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтары да 83 елге визасыз бара алады. Биыл бұл тізім тағы кеңейтіліп, отандастарымыздың 100 мемлекетке еш қиындықсыз саяхаттауына жағдай жасалмақ.

Оқи отырыңыз: Шегірткемен күрес: Олжас Бектенов екі өңірді бақылауға алуды тапсырды

 

 

Новости партнеров