Баға шарықтаса да жолаушылар тасымалы азаяр емес
Елімізде ұшақ билеттері тағы қымбаттады. Отандастарымыз үшін көліктің бұл түрімен қатынау қолжетімсіз болып барады. Эконом класпен ұшу құны 25 пайыз өскен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы кезде діттеген жерге ұшақпен жылдам жету қиын болып барады. Баға ғарыштық жылдамдықпен өсуде. Әуе билеттерінің құны соңғы бір жылда рекордтық көрсеткішке жеткен. Қазан айында әуе тасымалының баға индексі 123,5 пайызды құрады. Осыған ұқсас жағдай екі жыл бұрын да болған. Көптеген өңірлерде ұшақ билетінің құны 20 пайыз көлемінде өсті. Ал Атырау, Маңғыстау облыстарында тіпті 44 процент қымбаттаған.
Бір ғана өңірде баға өспей, керісінше төмендеген. Абай облысында билет құны 7,5 пайыз арзандапты. Әуе компаниялары қымбатшылық туралы жақ ашпайды, тек ұшақпен қатынаудың артқаны, сапаның жақсарғаны және жаңа техникамен толығып жатқандары туралы айтып жүр. Алайда бұған дейін вице-премьер Роман Скляр бағаның көліктің барлық түріне қымбаттайтыны жайлы мәлімдеген. Ол оның себептерін қосылған құн салығының өсуімен, ұшақтардың жанар-жағармайының және әуе көліктерінің қосалқы бөлшектерінің қымбаттауымен түсіндірді.
Құнның шарықтауына тағы қандай факторлар әсер етіп жатыр? Неге ел ішінде ұшу шетелге қатынаудан да қымбат? Сарапшының пікірін тыңдап көрсек.
«Менің ойымша, бұл салада басқару жүйесі дұрыс емес. Біріншіден, бұл жанармай. Біз қажеттілігімізді жаба алмай отырмыз. Жылына бір миллион тонна әуекеросині керек болса, соның 650-700 тоннасын сырттан аламыз. Осы олқылықтың орнын толтырып, өзіміз өндіреміз деп жүргенімізге қанша жыл болды? Нәтижесін көріп отырсыздар. Ал енді ішкі рейстерге келетін болсақ, оларға субсидия бөлінеді. Мені таңқалдырғаны Астана-Петропавл-Астана рейстерінің ара қатынасы жақын болғанына қарамастан аптасына жеті күн ұшады. Бұл аралықта пойыз жүреді. Неге оған субсидия бөлінеді, түсінбеймін. Жылына шамамен 400 миллион теңге, бұлай істеуге болмайды. Бұл - мемлекеттің қаржысын дұрыс жұмсай алмайды деген сөз. Жүйені өзгерту керек», – деді экономист Меруерт Махмұтова.
Күні кеше Президент әуе көліктеріне қолданатын керосиннің мәселесін түбегейлі шешуді тапсырған. Сондай-ақ алдағы үш жылда ел ішіндегі тауар өндіруді арттырып, импорттық тауарларды әртараптандыруды қамтамасыз етуді бұйырды. Ал келесі қадам – авиация бойынша ғылыми-зерттеу институттарын ашу.
Ең қызығы, баға шарықтаса да жолаушылар тасымалы азаяр емес. Тіпті әуе компанияларының табысы еселеп артуда. 2025 жылдың қаңтары мен қазан айлары аралығын алатын болсақ, әуекомпанияларының қызметіне 13 млннан астам адам жүгінген. Пайда өткен жылмен салыстырғанда 9 пайыз өсіп, 750 млрд теңгеге жеткен. Әсіресе ішкі рейстерден 23 пайыз, ал халықаралық рейстен 11 пайыз пайда түскен.
Ішкі рейстердің бағасы бірнеше рет Үкіметте де көтерілген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де мәселені майшаммен қарады. Өткен жылы әуекомпанияларының бірі баға саясатын өрескел бұзғаны анықтаған. Қазір салада жіті тексеру жүріп жатыр. Жауаптылар құнды негізсіз көтеріп отырғандарды анықтап, тиісті шараларды қабылдайды деп үміттенеміз.
Оқи отырыңыз: Біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен көзді емдеуге шектеу қойылды