Елімізде жыл сайын 240 мыңға дейін сапалы жұмыс орны құрылады

11.06.2026 12:56

Болашақ экономикасы үшін кадр даярлау ісіне басымдық беріледі

primeminister.kz

Жұмысшылардың дағдылары мен қазіргі экономика талаптары арасындағы сәйкессіздік негізгі сын-қатерлердің бірі болып қала береді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, 2030 жылға қарай әлемдегі жұмыс орындарының 22%-ы трансформацияға ұшырайды. Осыған байланысты еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында дуальды білім беру жүйесін кеңейту, колледждер мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ өндірістегі тәлімгерлік жүйені дамыту жоспарланып отыр.

Азамат Әмриннің айтуынша, сапалы жұмыс орындарын құру Кешенді жоспардың басты басымдықтарының бірі болып айқындалды.

"Қазіргі уақытта Еуропалық одақ елдеріндегі еңбек өнімділігі қазақстандық деңгейден үш есе көп, ал ауылдық жерлерде жұмыспен қамтудың тұрақсыздығы жоғары болып қалып отыр. Осы проблемаларды шешу үшін 17 кластерлік жобаны жүзеге асыру, АӨК-те жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, шағын бизнесті қолдау және өңірлерде микрокредит беру бағдарламаларын кеңейту жоспарлануда", - деп атап өтті ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары.

Халықтың табысы инфляциядан да тез өсуі керек

Сондай-ақ Азамат Әмрин кешенді жоспарды жүзеге асырудың нәтижесі азаматтардың әл-ауқатын тұрақты арттыру болуы тиіс екенін айтты.

Оның айтуынша, негізгі мақсатты көрсеткіштердің қатарында халық табысының инфляция деңгейінен 2-3 пайыздық тармаққа жоғары өсуі, жыл сайын 240 мыңға дейін сапалы жұмыс орындарын құру және 2029 жылға қарай инфляцияны 5-7% деңгейіне дейін төмендету бар.

Сондай-ақ ауылдық жерлерде 30 мыңнан астам микрокредит беру, дуальды оқытумен қамтуды ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру және халықтың тамақ өнімдеріне жұмсайтын шығыстарының үлесін тұтыну шығыстарының жалпы көлемінің 40%-на дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Соңғы үш жылда бюджет саласының 1,2 млн-нан астам қызметкерінің жалақысы өсті