ЕАЭО аясындағы өзара іс-қимыл тек экономикалық сипатқа ие – Бектенов

t.me/KZgovernment
t.me/KZgovernment

Олжас Бектенов кооперациялық жобаларды қолдау инновацияларға және қосылған құны жоғары өндірістерді құруға бағытталуы тиіс екенін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешен болып қалатынын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кооперациялық жобаларды қолдау тетіктері инновациялық бастамаларға және қосылған құны жоғары өндірістерді құруға бағдарлануы тиіс. Осыған байланысты демонстрациялық орталықтар, стартаптар және салалық құзыреттілік орталықтары арқылы цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті пайдалануды ынталандыру маңызды.

«Тауарлар, қызметтер, капитал және еңбек күшінің еркін қозғалысы ЕАЭО жұмысының басты қағидаты болып қалуы тиіс. Қолданыстағы шектеулерді біртіндеп жою қажет, өйткені олар сенімділікті және интеграциялық тиімділікті төмендетеді, сонымен қатар жаңа шектеулердің пайда болуына жол бермеу керек. Комиссия міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуде белсенді рөл атқарып, мүше мемлекеттердің бизнесі мен азаматтарының мүддесін қорғауда туындайтын мәселелерге жедел әрекет етуі тиіс. Жалпы алғанда сауда саласында бәсекелестік ортаның қалыптасқаны маңызды екенін атап өткім келеді. Ол кез келген интеграциялық бірлестіктердің дәнекер буыны болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

ЕАЭО аясындағы сыртқы сауда саясаты мүше мемлекеттердің тауарларын экспорттау үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдері, сондай-ақ беделді өңірлік бірлестіктермен өзара іс-қимыл перспективалы бағыттар деп аталды.

«Мұндай ынтымақтастық ЕАЭО тауарлары мен қызметтерінің сыртқы нарықтарға шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды, экономиканы нығайтуға және халықаралық өндірістік тізбектерді дамытуға ықпал етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысы аясында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның ЕҮАК-қа төрағалығын ескере отырып, Иран Ислам Республикасының елшісі Али Акбар Джокардың Иран төңірегіндегі және жалпы Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалға қатысты мәлімдемесіне орай пікірін білдірді. Олжас Бектенов ЕАЭО-ның экономикалық сипатын атап өтті.

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара іс-қимыл тек экономикалық сипатқа ие, оның мандаты халықаралық саяси және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылауды көздемейді», — деді Олжас Бектенов.

Иран Ислам Республикасы Елшілігінің мәлімдемесіне қатысты, өкінішке қарай, соңғы уақытта әлемдегі орын алған геосаяси ахуал өте күрделі әрі тұрақсыз күйде қалып отырғаны атап өтілді. Көптеген елдерде қарулы қақтығыстар шиеленісіп, бұл жаһандық экономикаға теріс әсерін тигізуде. Қазақстан Президенті елдің ұстанымын білдіріп, азаматтық және экономикалық нысандарға жасалатын қарулы шабуылдарды тоқтатуға және келіссөздер үстеліне оралуға шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осынау қиын жағдайда біздің еліміз делдал рөлін көздемейтінін атап өтті. Сонымен қатар мүдделі тараптар ниет білдірген жағдайда, Қазақстан киелі Түркістан қаласында бейбіт диалог ұйымдастыруға дайын. Олжас Бектенов Қазақстанның барлық серіктестері қақтығысты тез арада тоқтатып, келіссөздер үдерісіне қайта оралу туралы ұстанымды қолдайтынына сенім білдірді.

Осылайша, Қазақстанның ЕАЭО төрағалығы шеңберінде Шымкентте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы аяқталды.  Онда еуразиялық интеграцияны дамытудың, оның ішінде өнеркәсіптік кооперацияны, технологиялық дамуды, кедендік реттеуді, экономикалық тұрақтылықты, цифрлық трансформацияны, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың кең ауқымды мәселелері қаралды.

Ресми делегация басшылары: Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян пікір білдіріп, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттерден – Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Куба Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы сауда және шетелдік инвестициялар министрі Оскар Перес-Олива Фрага сөз сөйледі. ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша 12 құжатқа қол қойылды.

Қабылданған шешімдер интеграциялық процестерді одан әрі дамытуға және мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. ЕҮАК-тың келесі отырысы биыл 6-7 тамыз күндері Шолпан-Ата қаласында (Қырғызстан) өтеді.

Оқи отырыңыз: Бектенов ЕАЭО жүк ағындарын ЖИ платформасы арқылы үйлестіруді ұсынды

Новости партнеров