ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің географиялық орналасуы транзит пен логистика тұрғысынан елеулі артықшылықтарға ие
Шымкентте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов ЖИ базасында ЕАЭО-дағы жүк ағындарын үйлестірудің интеграцияланған платформасын құруды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олжас Бектенов ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің географиялық орналасуы транзит пен логистика тұрғысынан елеулі артықшылықтарға ие екенін, бірақ бұл мүмкіндіктерді толық жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды жаңғырту және тасымалдарды басқарудың заманауи жүйелерін енгізу қажеттігін атап өтті.
«ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің географиялық орналасуы транзит пен логистика тұрғысынан елеулі артықшылықтарға ие. Алайда, бұл мүмкіндіктерді толық жүзеге асыру үшін инфрақұрылымды жаңғырту және тасымалдарды басқарудың заманауи жүйелерін енгізу қажет. Осы ретте, жасанды интеллект базасында жүк ағындарын үйлестірудің интеграцияланған платформасын құру ұсынылады, бұл жеткізу мерзімдерін қысқартуға, бизнес шығындарын азайтуға және еуразиялық көлік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов cондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды растауды толығымен цифрлық форматқа ауыстыру маңызды екенін айтты.
«Ветеринариялық және фитосанитариялық бақылаудан өтуді растау процесін толығымен электрондық форматқа көшіру маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осыған байланысты ЕЭК-ке Одаққа мүше мемлекеттермен бірлесіп, қағаз құжаттарға міндетті түрде мөртабан қоюдан бас тартуды және үшінші елдермен ақпараттық өзара іс-қимыл тетіктерін әзірлеуді қоса алғанда, осы мәселені жан-жақты пысықтау ұсынылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның ЕАЭО төрағалық ету кезеңіндегі басымдықтары туралы айтылды