Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры Қазақстанмен жаңа стратегияны талқылауда

Астанада халықаралық экономикалық конференция өтіп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының ұйымдастыруымен халықаралық экономикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл басқосуда адам капиталының экономикалық өсімге ықпалы талқыланды. Одан бөлек, еңбек нарығы мен демографиялық өзгерістер де күн тәртібінде тұр. Қазақстан қордың акционері ретінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Мәселен, алдағы уақытта денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерге қаржы тартуды және басқа да даму бағыттары бойынша ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

"Біз қордан техникалық көмек пен грант алу үшін өтінім бердік. Қаражат денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерге бағытталмақ. Қазір өтінім қордың қарауында. Мақұлданғаннан кейін тиісті қаражат бөлінеді.  Алдағы уақытта басқа да бағыттар бойынша қорға өтінім беруді жоспарлап отырмыз", – деді ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры Қазақстанмен алдағы жылдарға арналған стратегияны талқылап жатыр. Басым бағыттар – энергетика, су ресурстары және көлік инфрақұрылымы.

Қор басшылығының айтуынша, Қазақстанның мүддесі үшін маңызды жобаларға басымдық берілмек. Стратегияны жыл соңына дейін бекіту жоспарланған.

"Қазір экономикалық өсім мәселесіне тоқталғым келмейді. Мен үшін ең маңыздысы – Қазақстанмен ортақ келісімге келу. Желтоқсанда Астанада барлық министрлердің басын қосып, қордың келесі жылға арналған жоспарларын талқылауды қарастырып отырмыз, – деді Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының басқарушы директоры Ярослав Мандрон.

Оқи отырыңыз: Үкімет жыл соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлейді