Үкімет жыл соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлейді
Сондай-ақ Олжас Бектенов аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізуді тапсырды
Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін шағын бизнестің орта бизнес санатына көшуін ынталандыруды, кәсіпорындардың ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін жеке инвестициялар тарту есебінен қамтамасыз ете отырып кеңейтуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда шағын бизнестің орта бизнес санатына көшуін ынталандыру, кәсіпорындардың ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, оның ішінде жеке инвестиция тарту есебінен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар көзделуге тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ өндірістік қуаттарды технологиялық жаңарту және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі шараларды қарастыру тапсырылды.
Бұдан бөлек, орта кәсіпорындардың ірі компаниялармен кооперациясын дамыту, олардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейту және шығарылатын өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз ету тетіктерін қарастыру қажет.
Премьер-министр 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұған дейінгі тәжірибеге сәйкес микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесіне бөлек тоқталды. Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ұлттық палатасымен, бизнес-омбудсменмен және депутаттар корпусымен бірлесе отырып мораторий енгізу мәселесін талқыға салу тапсырылды.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайту және олардың жұмысына шамадан тыс араласуға жол бермеу. Тиісті ұсыныстарды Үкіметке екі апта мерзімде енгізу керек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Сонымен қатар Олжас Бектенов бір ай ішінде халықаралық тәжірибені зерделелеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізуді тапсырды.
Ол инвестиция тарту жүйесін жетілдіру және олардың экономиканы дамытуға қосқан нақты үлесін арттыру қажеттігін атап өтті.
«Капитал үшін жаһандық бәсеке күшейе түскен қазіргі жағдайда инвестиция тартудың қалыптасқан тетіктерін түбегейлі қайта қарап, өкілеттіктердің қайталануына жол бермей, шешімдердің жедел қабылдануын қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика және Сыртқы істер министрліктеріне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, он күн мерзімде инвестициялық процестерді басқарудың біртұтас жүйесін қалыптастыру жөнінде келісілген ұсыныстар енгізу тапсырылды. Шешім қабылдауға жауапты орталықты айқындап, инвестициялық процеске қатысушылардың бәрінің функцияларын нақты ажыратуды және инвесторлармен жұмысты орталықтан үйлестіруді қамтамасыз ету керек.
Инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
«Президент инвестициялардың тиімділігі іске қосылған өндірістердің санымен және сапасымен, олардың экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануы тиіс екенін атап өтті. Терең өңдеу және еңбек өнімділігін арттыру жобаларына басымдық берілуі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» холдингтерімен бірлесіп, бір ай мерзімде терең өңдеу жобаларының нақты тізбесін жасау тапсырылды. Әрбір жоба бойынша әлеуетті инвесторларды, жүзеге асыру мерзімдерін, локализациялау деңгейін және экономикалық тиімділігін айқындау қажет.
Шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысуын кеңейтуге және салық саясатын жетілдіруге баса назар аударылды. Осыған байланысты Қаржы, Ұлттық экономика, Өнеркәсіп, Сауда, Әділет министрліктері «Атамекен» палатасымен, «Самұрық-Қазына» қорымен, «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, бір апта мерзімде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алу рәсімдеріне шағын және орта бизнестің қатысуын кеңейту мәселесі бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Жиында Салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар бөлек мәселе ретінде қаралды. Ұлттық экономика министрлігіне жаңа Салық кодексіне енгізілетін нақты түзетулер легін пысықтап, мемлекеттік органдармен жедел келісу тапсырылды.
«Бөлек мәселе – ауқатты азаматтарға арналған салық мөлшерлемесі. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері бір ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізсін», — деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Қаржы министрлігі жергілікті жерлерде салықтардың жиналуын арттыру шараларын қабылдап, көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуді қамтамасыз етіп, салық және кедендік әкімшілендіруді, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, толық цифрландыруды аяқтауы қажет.
Оқи отырыңыз: Қазақстан колледждері жыл сайын 51 мыңнан астам жұмысшы мамандығын шығарады