Астанада сирек кездесетін металдарды зерттейтін ғылыми орталық ашылады

Жаңа орталық инвесторларға пайдалы қазбаларға қатысты өзекті геологиялық ақпарат ұсынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада сирек кездесетін жер металдарын зерттейтін өңірлік ғылыми орталық ашылады. Жаңа орталық инвесторларға пайдалы қазбаларға қатысты өзекті геологиялық ақпарат ұсынып, жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, биыл елдің жалпы ішкі өнімі 300 миллиард доллардан асты. Сондай-ақ Орталық Азияға тартылған барлық шетелдік инвестицияның шамамен 70 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Президенттің айтуынша, бұл жетістіктердің негізінде елдегі саяси тұрақтылық пен жүргізіліп жатқан реформалар жатыр.

«Экономикамыздағы бұл жетістіктердің негізінде елдегі саяси тұрақтылық жатыр. Жалпыхалықтық референдумның қорытындысы бойынша біз жаңа Конституцияны қабылдадық. Бүгінде ол халықтың таңдауы негізінде қабылданған Ата Заң ретінде бағаланып отыр. Біздің бүгінгі жиынның қарсаңында жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлардың құқықтарын барынша қорғауға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді - алматылықтар