ЖИ және жаңа технологиялар: Қазақстан мен Армения әріптестікті кеңейтуге келісті

Ақорда
Ақорда

Келер жылы Арменияның TUMO Astana халықаралық білім беру орталығы ашылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан мен Армения жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.

– Қазақстанда цифрландыру үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Армения ІТ-технологиялар мен стартап экожүйесінде айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бұл – екі елдің экономикасын дамытуға тың серпін беретін маңызды сала. Осы орайда, жасанды интеллект, жаңа технология және цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға келістік, бұл бағытта бірлескен жобаларды іске асыру мәселесіне тоқталдық. Премьер-министр Пашинян мырза аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – Astana Hub және Alem.ai жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысады. Келесі жылы Alem.ai негізінде Арменияның TUMO Astana халықаралық білім беру орталығы ашылады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян мәдени-гуманитарлық байланыстар туралы пікір алмасты

– Біз білім және ғылым саласындағы қарым-қатынасты дамыту жолдарын талқыладық. Студент алмасу үшін үкіметаралық келісімге қол қоюдың маңыздылығын атап өттік. Екі елдің денсаулық сақтау саласындағы әлеуетін ескере отырып, алдағы жылдары Қазақстанның Армениядағы, Арменияның Қазақстандағы медицина күндерін өткізуге келістік. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара байланыстар туралы пікір алмастық. Былтыр Астанада Армения мәдениетінің күндері өткенін білесіздер. Ал биыл Ереванда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылды. Армения астанасында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Бүгін елорда көшелерінің біріне ұлы армян ағартушысы Месроп Маштоцтың есімі берілді. Осындай бастамалар халықтарымыздың рухани жақындығын көрсетеді. Бұл – елдеріміздің ұлт перзенттеріне деген шынайы құрметінің көрінісі, – деді Президент.

Айта кетерлігі, Никол Пашинян армян тарапы ынтымақтастықтың барлық бағытын кеңейтуге дайын екенін растады.

– Қазақстан – біз үшін өте маңызды ел. Өйткені сын сәтінде Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері Алматыда кездесті. Бұл біз үшін өте маңызды болатын. Армения мен Әзербайжандағы бейбітшіліктің Алматы декларациясына негізделетіні баршаға мәлім. Оның саяси және символдық мәні зор. Осы ресми сапарымның нәтижесінде Армения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын. Бұл өңірдегі ықпалдастықтың жаңа дәрежеге жеткенін көрсетеді, – деді Армения Премьер-министрі.

Оқи отырыңыз: Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді

Новости партнеров